Тоқаев Тәжікстан Президентін Тәуелсіздік күнімен құттықтады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Эмомали Рахмонды және тәжік халқын ұлттық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен құттықтады, делінген Ақорда хабарламасында.
"Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы жоғары қарқынмен дамып келе жатқан ынтымақтастық жаңа мән-мазмұнға ие болды және байланыстарымыз стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне толық сай келеді", деп жазылған жеделхатта.
Президент бірлескен күш-жігердің нәтижесінде Қазақстан мен Тәжікстанның көпжақты қарым-қатынасы алдағы уақытта екі елдің игілігі мен мүддесі үшін нығая беретініне сенім білдірді.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Эмомали Рахмонның жауапты мемлекеттік қызметіне табыс, ал бауырлас Тәжікстан халқына бақ-береке тіледі.
25 тамызда Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Астанаға жұмыс сапарымен келді. Елорда әуежайында жоғары лауазымды қонақты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі қарсы алды. Одан кейін екі елдің көшбасшыларың жеке форматтағы келіссөздері өтті, оның барысында Эмомали Рахмон Қасым-Жомарт Тоқаевқа қонақжайлылығы үшін алғыс білдірді.
Сол күні Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон Тәжікстанның халық шығармашылығы көрмесін аралап, ҚР-дағы Тәжікстан Республикасының мәдениет күндерін ашты.
26 тамызда Қасым-Жомарт Тоқаев пен Эмомали Рахмон 2022 жылы салынған Астананың Бас мешітінде, сондай-ақ Тәжікстанның тауарлар көрмесінде болды.