Саясаттанушы: Қазақстанда өткен ШЫҰ саммиті жемісті орасан жұмысты көрсетті
Бауыржан Серікбаевтың айтуынша, Шанхай ынтымақтастық ұйымы - әлемнің 3 млрд халқын біріктіретін, БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесіне мүше бес елдің екеуін қамтитын, ұйымға мүше мемлекеттер саны 10-ға жеткен, одан өзге бақылаушы, қатысушы форматта жұмыс істейтін мемлекеттерді қосқанда жаһандағы әлеуеті зор халықаралық ұйымдардың бірі.
"Бүгін әлемнің назары Астанаға ауған күн болды десек артық айтқандық емес шығар. Жаһанның 16 мемлекетінің президенттері, үкімет басшылары, сыртқы істер министрлері, БҰҰ-ның бас хатшысы Антонио Гутьеррес сынды саяси тұлғалар Қазақстанда бас қосты. Астанада 2023 жылдан бері Шанхай ынтымақтастық ұйымына төрағалық етіп, еліміз тарапынан көтерілген бастамалар мен атқарылған істердің логикалық түйіні қойылды".Бауыржан Серікбаев
Саясаттанушы соңғы бір жылда Қазақстан бастамасымен ұйым аясында 150-ден астам іс-шаралар ұйымдастырылғанын да баса атап өтті. 60-қа жуық халықаралық келісімдер мен құжаттарға қол қойылды. Олардың қатарына:
- ШЫҰ аясында 10 туристік аймақ белгіленіп, Алматы қаласы ұйымның туристік және мәдени астанасы ретінде бекітілді.
- Түркістан қаласында мәдени құндылықтарымызды дамыту, тарихи орындарымыздың маңыздылығын көтеру мақсатында арнайы ғылыми конференция ұйымдастырылды.
- Экологиялық даму, азық-түлік қауіпсіздігін арттыру, су тапшылығының алдын алу мақсатында үкіметаралық келісімдер жасалып, өзге де құжаттарға қол қойылған.
Бүгінгі Астанада өткен саммит аясында 20-дан астам келісімге, ресми құжаттарға қол қойылды. Олар:
- Астана декларациясы қабылданды.
- Ұйымға Беларусь елінің толыққанды мүшелігі бекітілді.
- "Әділ әлем, келісім және даму жолындағы жаһандық бірлік туралы" Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің шешімі қабылданды. Бұл геосаяси процестерді бейбіт шешуге бағытталған ұйымға мүше мемлекет басшыларының ортақ мәлімдемесі десек те болады.
- Энергетика саласын дамытуға қатысты 2030 жылға дейінгі стратегия қабылданды. Ұйымның 2035 жылға дейінгі даму стратегиясының жобасы туралы мемлекет басшылары кеңесінің шешіміне және өзге де мағызды құжаттарға қол қойылды.
"Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев мырза әлемдік экономикадағы бүгінгі қалыптасқан ахуалды шешудің маңызды қадамдарының бірі - ұйым аясындағы сауда-экономикалық дамуды арттыру екендігін атап өтті. 3 миллиард халықтың басын қосқан ұйым аясындағы өзара сауда-саттық, экономиканың бүгінгі әлеуеті расында көптеген түйіткілді мәселедерді шешетіні де анық. ". Бауыржан Серікбаев
Еліміз тарапынан көтерілген логистикалық, сауда-саттық, экономикалық, экологиялық және мәдени саладағы бастамалар Саммит аясында қабылданған құжаттармен халықаралық деңгейде қолдау тапқанын да атап өткен жөн.
"Саммиттің салмағы әрқашан да қабылданған құжаттармен, бекітілген шешімдермен бағаланады. Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін, бастамаларының өзге мемлекеттер тарапынан қолдау тапқанын сараласақ Астана Саммиті еліміз үшін жемісті басқосу болды деп толыққанды айта аламыз", - дейді саясаттанушы.
2024 жылғы 4 шілдеде Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысы өтті.