Жаңалықтар тізбегі
0

Тоқаев олимпиадалық спорт мектептерінің жай-күйін сынға алды

Тоқаев олимпиадалық спорт мектептерінің жай-күйін сынға алды , сурет - Zakon.kz жаңалық 27.08.2024 13:12 Сурет: akorda.kz
2024 жылғы 27 тамызда Мемлекет басшысы ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының жүлдегерлерімен кездесті. Жиын барысында спорт резервін әзірлеу ісінде Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектептері негізгі рөл атқаратынына назар аударып, олардың жұмысын жүйелеу жөнінде мәселе қозғады.

Мемлекет басшысының айтуынша, елімізде 500-ден астам Балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі бар.

"Бірақ олардың қызметінде түйткілді мәселелер аз емес. Осындай мектептердің бағдарламасына кірген 162 спорт түрінің тек 52-сі ғана олимпиадалық спорт түріне жатады. Сондықтан олимпиадалық спорт түрлерінің резервін толықтыратын қабілетті балалар жетіспейді, сайып келгенде спорттағы жоғары жетістіктердің нәтижесі нашарлайды. Қаржының дұрыс бөлінбеуінен бюджет ақшасының басым бөлігі "желге ұшады", – деді Президент.

Бұл ретте Мемлекет басшысы спорт саласына жоғары білікті мамандарды тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасау керек екенін атап өтті.

"Өкінішке қарай, көптеген талантты бапкерлер өз елімізден қолдау таппай, шетел асып кетіп жатады. Олар сол жерге барып, жас спортшыларды тәрбиелейді, яғни, басқа мемлекеттің ұлттық құрама командаларын әлемдік додаларға дайындайды. Мысалы, осы Олимпиада ойындарында Тунис елінің тхэквондодан ұлттық құрамасы қазақ бапкері Есбол Сұлтановтың жетекшілігімен екі медаль жеңіп алды, оның біреуі – алтын медаль. Бапкерлерге жан-жақты қолдау көрсету шараларын қолға алу керек, әсіресе, олардың қоғамдағы әлеуметтік және кәсіби мәртебесін арттыру өте маңызды. Бір сөзбен, бізге мықты бапкерлер мектебін жасақтау қажет", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Тоқаев олимпиадалық спорт мектептерінің жай-күйін сынға алды, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.08.2024 13:12

Сурет: akorda.kz

Сондай-ақ, ол шетелдік спортшыларға азаматтық беріп, ел атынан додаға қосу тәжірибесін доғару керек екенін баса айтты.

"Өйткені кез келген легионер ұлттық құрамаға шақырту алғысы келетін жас әрі болашағынан көп үміт күттіретін атлеттеріміздің жолын кеседі. Одан гөрі қазір бізде дамуы кенжелеп тұрған спорт түрлерінен мықты шетелдік бапкерлерді тарту мүмкіндігін қарастырған жөн. Легионер-спортшылардың жетістігі бүгін мерейіңді өсіргенмен, ертең абыройыңды асқақтатпайды. Бұл жерде кәсіби бапкерге басымдық берген жөн",– деді Мемлекет басшысы.

Мұнымен қоса, олимпиада резервін дайындайтын мектеп-интернаттар мен колледждерге жан-жақты қолдау көрсету керек екенін, олардың әр өңірде болуы қажет екенін атап өттті.

"Мұндай оқу орындары барлық аймақта болуы қажет. Алматыда жаңа Олимпиадалық даярлық базасы салынды. Бұл біздің спортшыларымыздың жоғары деңгейде жаттығуына зор мүмкіндік береді. Қазір Астанада Ұлттық спорт университеті салынып жатыр. Оқу орны спорттық білім берумен шектелмейді. Онда заманауи зерттеу орталығы ашылады. Осының бәрі елімізде чемпиондардың жаңа буынын дайындап шығаруға жол ашатынына сенімдімін", – деді Мемлекет басшысы.
Тоқаев олимпиадалық спорт мектептерінің жай-күйін сынға алды, сурет - Zakon.kz жаңалық 27.08.2024 13:12

Сурет: akorda.kz

Президент жас спортшыларды төл таным-түсінігімізге сай тәрбиелеп, олардың бойына дәстүрлі құндылықтарды сіңіру өте маңызды деп санайды.

"Ұлттың жаны – таза, санасы – сау болуға тиіс. Спортшылар, ең алдымен, спортпен шұғылдануы керек. Тағы бір міндет – спорт қауымдастықтарының тиімділігін арттыру. Олардың көбі мықты спортшыларды іріктеп, кәсіби тұрғыдан өсірудің оңтайлы жолын таппай келеді. Соның салдарынан нағыз дарынды жастар көзге ілінбей, жолы ашылмай қалады. Сондықтан ел ішіндегі түрлі жарыстарда әділдік болуын қамтамасыз ету керек. Спортшыларды іріктеу жұмыстары барынша ашық жүргізілуге тиіс. Сонымен қатар спортшыларды даярлаудың бірыңғай стандартын әзірлеп, заманауи әдістемелер негізінде бапкерлер мен төрешілердің біліктілігін арттыруға бағытталған шаралар қабылдау қажет. Спортшыларды сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз етуге федерациялар тарапынан жеткілікті көңіл бөлінбей жатқанына жиі шағым түседі. Бүкіл әлем спорт медицинасы кәсіби даярлықтың ажырамас бөлігі екенін мойындап отыр. Бұл – жоғары технологиялық сала. Инновациясыз, озық ғылыми ізденіссіз және жоғары білікті мамандарсыз іс өнбейді. Мемлекет қажет ресурсты бөліп отыр. Демеушілерден де қыруар қаржы түседі. Федерациялар соны мақсатқа сай жұмсауға тиіс. Республикалық федерациялардың қызметіне сараптама жүргізіп, қаржыландыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиынға қатысушы спортшылар мен бапкерлерді Париж Олимпиадасындағы жетістіктерімен құттықтағаны хабарланған болатын.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: