Мемлекет басшысы мен Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы Turkistan визит орталығына барды

Меймандарға көне "Күлтөбе" қалашығының тарихи келбетін сақтау және абаттандыру жобасы туралы мәлімет берілді, делінген Ақорда баспасөз қызметінің хабарламасында.

Сурет: Ақорда
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Гурбангулы Бердімұхамедов тарихи ескерткішті музейге айналдыру барысымен танысты. Қалашықтың 27 гектар аумағында археологиялық қазба жұмыстары аяқталған.

Сурет: Ақорда
Сонымен қатар таяуда ашылатын "Қолөнершілер қалашығының" тұжырымдамасы таныстырылды. Оның ішінде шеберханалар, ұлттық тағам түрлерін ұсынатын орындар, шығыс базары және шағын қонақ үйлер орналаспақ.
Осы орайда биыл 25 наурызда Түркістанға World Craft Council халықаралық ұйымының шешімімен "Қолөнершілер қаласы" деген мәртебе берілгенін атап өткен жөн.

Сурет: Ақорда
Бұдан бөлек, визит орталықта Қазақстан Президенті мен Түрікменстанның Ұлт көшбасшысы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіндегі бірегей тарихи жәдігерлермен танысты.
Бұған дейін Түркістанда Тоқаев пен Бердімұхамедов "Этноауыл" кешенін аралаған болатын. Сондай-ақ Қазақстан Президенті мен Түрікменстан Халк Маслахатының төрағасы түркі тілдес елдерге ортақ ең көрнекті рухани және тарихи-мәдени ескерткіштердің бірі, ЮНЕСКО Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барған.