Қазақстан Үкіметі мен АӨСШК арасындағы келісімге енгізілген түзетулер ратификацияланды

"Мемлекет басшысы "2007 жылғы 26 маусымдағы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің Хатшылығы арасындағы Хатшылықтың Қазақстан Республикасының аумағында болуы шарттары туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", делінген Ақорда хабарламасында.
Заң Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті толыққанды халықаралық ұйымға трансформациялау туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша және 2022 жылғы қазанда Астанада өткен Азия Кеңесінің VI cаммитінің шешімі негізінде әзірленген.
Штаб-пәтері Астанада орналасқан, құрылғалы бері өзінің тиімділігін дәлелдеп келе жатқан Азия кеңесіне 28 мемлекет мүше, бұл – Азия құрлығының 90 пайызын құрайды. Сондықтан Қазақстан кеңестің негізін қалаушы мемлекет ретінде Ұйымның жалпы қызметін, соның ішінде атқарушы органы – Хатшылық жұмысын жақсартуға ерекше мән беріп келеді. Хаттамаға енгізілген өзгерістер Біріккен Ұлттар Ұйымының және өзге де халықаралық ұйымдардың ережелері мен тәжірибесіне сәйкес, мүше мемлекеттерден Хатшылыққа жұмысқа жіберілетін немесе келісімшарт негізінде қызмет атқаратын персонал мүшелерінің мәртебесін нығайтуды көздейді.
Заңнамалық өзгеріс өз қызметтік міндеттерін атқару барысында қабылдаушы елдің юрисдикциясынан иммунитетке ие болуын, мемлекеттің жеке табыс салығынан босатылуын және басқа да бірқатар артықшылықтармен қамтамасыз етілуін көздейді.
Жалпы, қабылданған заң ұйым қызметкерлерінің еңбек жағдайларын халықаралық стандарттарға сәйкестендіріп, Азия кеңесін толыққанды халықаралық ұйымға айналдыруға оң әсер береді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы тауарлардың шығарылған елін айқындаушы заң жобасына қол қойған болатын.