Тоқаев: Тарихқа деген көзқарас саяси ахуалдың ықпалында кетпеуге тиіс

"Бірақ өкінішке қарай, қазір бұл барлық жерде үйреншікті жағдайға айналды. Күні кеше ғана жер-көкке сыйғызбай мадақталған тарихи тұлғалар ғалым-сымақтардың қалауымен жағымсыз адамға айналып сала береді. Керісінше, бір кезде атына қара таңба басылған саяси қайраткерлер түрлі насихатшылардың арқасында танымал болып шыға келеді. Ал қуғын-сүргінді ұйымдастырушылар мен орындаушылар қаһарманға айналып кетті. Біз жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыраған мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғалымдар мен дәрігерлердің, сондай-ақ, олардың туыстары мен жұбайларының есімін ұмытпауымыз керек. Бірақ қандай ауыр болса да, өткен күндердің қасіреті еліміздің дамуына, өсіп-өркендеуіне кедергі болмауға тиіс". Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев
Президенттің айтуынша, бүгінгі ахуалға өткеннің өлшемімен қарап, үнемі кешегі күнмен өмір сүруге болмайды. Тарихқа барынша кең ауқымда қараған жөн. Біз тағдырдан теперіш көрдік деген ойдан арылуымыз қажет. Өткенге жалтақтау – әлсіздіктің белгісі.
"Қазақ халқы тәуелсіз және егемен ел болу жолында сан түрлі қиындықты артқа тастап, көптеген сын-қатерді еңсерді. Сондықтан, тәуелсіздік – бәрінен қымбат қастерлі ұғым екенін санаға сіңіруіміз қажет. Жалпыұлттық бірлігімізді көздің қарашығындай сақтап, мемлекеттігімізді нығайту маңызды. Тағы да қайталап айтамын: өткенді ұмытпай, төл тарихымызға құрметпен қарау – дұрыс, демек, біз тек алға қарай жүріп, жарқын болашаққа ұмтылуымыз керек", - дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылы 31 мамырда Астана маңындағы "АЛЖИР" мемориалды-мұражай кешеніне барып, гүл шоғын қойғанын жазғанбыз. Сондай-ақ Мемлекет басшысы осы шарада сөз алып, Қазақстан халқының жыл сайын 31 мамырда Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алатынын баса атап өтті. Президенттің айтуынша, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттерін ашу – қастерлі борышымыз. Аталған шарада Мемлекет басшысы тарихты ел ішіне іріткі салатын насихат құралы ретінде пайдалануға жол бермеу керектігін де айтты.