Бейбіт жиналыстар құқығына қатысты Конституцияға өзгерістер енгізілуі мүмкін
Фото: Zakon.kz
Мәжіліс депутаты Снежанна Имашева 2026 жылғы 26 қаңтарда Конституциялық реформа жөніндегі комиссия отырысында қазақстандықтардың кейбір құқықтарына қатысты бірқатар ұсыныс айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Депутаттың айтуынша, азаматтардың бейбіт жиналыстар өткізу құқығына қатысты Конституция бабы нақтыланбақ.
"Заңмен шектеу қоюға болатын негіздер кеңейтіледі. Шектеу мақсаттарының қатарына конституциялық құрылыс негіздерін қорғау, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтар жүйесін сақтау енгізіліп отыр. Бұл өзгерістер жиналыстар бостандығы мен қоғамдық және мемлекеттік мүдделер арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге бағытталған", – деді Снежанна Имашева.
Сонымен қатар шығармашылық еркіндігіне қатысты бапқа да түзетулер ұсынылды. Онда зияткерлік меншік құқықтарын қорғау бекітіліп, ақпаратты тарату мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерден басқа, кез келген заңды тәсілдермен жүзеге асырылатыны нақты көрсетіледі.
"Бұдан бөлек, сөз бостандығына қатысты қосымша конституциялық шектеулер енгізіледі. Ол басқа адамдардың ар-намысы мен қадір-қасиетіне, қоғамның рухани-адамгершілік құндылықтарына және қоғамдық тәртіпке нұқсан келтірмеуі тиіс. Сондай-ақ зорлық-зомбылықты, соғысты және алауыздықты насихаттауға немесе арандатуға тыйым салу нормалары кеңейтіледі. Цензураға тыйым салу дербес конституциялық кепілдік ретінде сақталады", – деп түйіндеді депутат.
Бұған дейін Снежанна Имашева азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған өзге де түзетулерді ұсынған болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript