Тоқаев БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісін қабылдады
Сурет: Ақорда
Бұл туралы 2026 жылы 20 тамызда Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаев кездесуде Қазақстанның волонтерлік бастамаларын дәйекті түрде қолдағаны және Астанада өтіп жатқан ТМД волонтерлер форумына қатысқаны үшін Тойли Курбановқа ризашылығын білдірді. Президент Қазақстан волонтерлік қозғалысты дамытуға ерекше ден қойып отырғанын атап өтті. Бұған еліміздің 2026 жылды БҰҰ Бас Ассамблеясы тарапынан қолдау тапқан орнықты даму жолындағы Халықаралық еріктілер жылы деп жариялау жөніндегі ұсынысы дәлел бола алады.
"Біз еріктілікті мемлекеттік саясат тұрғысынан алғанда, шынайы патриотизмнің және жастарға көрсетілетін мемлекеттік қолдаудың көрінісі ретінде қарастырамыз. Менің бастамаммен жаңа Конституцияға волонтерлік қағидалары енгізілді. Онда волонтерлік қызметті ынталандыру алғаш рет конституциялық деңгейде бекітілді", – деді президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанда Халықаралық еріктілер жылы аясында мыңнан астам іс-шара өтуде, елімізде волонтерлер саны 300 мыңға жақындады.
Волонтерлік қозғалыстың 2030 жылға дейінгі даму тұжырымдамасы әзірленіп жатыр. Волонтердің цифрлық паспорты енгізіліп, мемлекеттік қолдау тетіктері мен өңірлік инфрақұрылым жетілдірілуде.
Тойли Курбанов БҰҰ Еріктілер бағдарламасымен жоғары деңгейде ынтымақтастық орнағанына, сондай-ақ Халықаралық еріктілер жылы аясында бірлескен жұмыстардың жолға қойылғанына тоқталып, волонтерлік қозғалысты ілгерілетуге назар аударғаны үшін Қазақстан президентіне алғыс айтты
"Қазақстан – волонтерлік қызмет саласында үлкен биіктерді бағындырған бірегей ел. Қазақстанның Еріктілер жылын жариялау жөніндегі бастамасын 60-тан аса мемлекет қолдады. Сіздер жаһандық тренд қалыптастырып жатырсыздар. "Таза Қазақстан" сияқты қоғамдық акцияларыңыз бірқатар елде үлкен қызығушылық тудыруда", – деді БҰҰ Еріктілер бағдарламасының атқарушы үйлестірушісі.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Мажарстан премьер-министрін ұлттық мерекемен құттықтаған болатын.