Қазақстанда мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылады

Қазақстанда мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құрылады, сурет - Zakon.kz жаңалық 07.10.2026 15:13 Сурет: quryltai.kz
Құрылтай депутаты Әмірбек Оспанбеков 2026 жылғы 7 қазанда Құрылтайдың жалпы отырысында Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құру мәселесін қарауды ұсынды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Депутат Құрылтай алдына қойылған міндеттерді ескере отырып, өңірлермен, ең алдымен олардың өкілді органдары – мәслихаттармен тұрақты байланыс орнату қажет екенін айтты.

"Мәслихаттар жергілікті өкілді органдар ретінде халықпен тікелей жұмыс істейді, өңірлердің ерекшелігін біледі және біз қабылдайтын заңнамалық шешімдерді іске асыру барысында туындайтын мәселелермен бетпе-бет келеді. Осындай тұрақты өзара іс-қимыл тетігі ретінде Құрылтай жанындағы Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңесті құру ұсынылады. Оның негізгі міндеті – заңдарды әзірлеуге мәслихаттардың тұрақты қатысуын қамтамасыз ету және олардың жергілікті жерлерде қолданылуы туралы кері байланыс алу", – деді спикер.

Оның айтуынша, Кеңес жұмысы аясында жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңнаманы жетілдіру, сондай-ақ өңірлерді дамыту мәселелері бойынша ұсыныстар әзірленеді.

"Оның қызметінде заңдарды құқық қолдану тәжірибесіне мониторинг жүргізуге ерекше мән беріледі. Сапалы заң қабылдау ғана емес, оның нормаларының іс жүзінде қалай жұмыс істейтінін түсіну маңызды. Қолданыстағы нормаларды қолдану кезінде туындайтын мәселелер туралы мәслихаттардың ақпараты жүйеленіп, талданады, ал келіп түскен ұсыныстар одан әрі пысықтауға жіберіледі. Бұл бірнеше өңірге ортақ мәселелерді анықтап, оларды жинақтауға және заңнаманы жетілдіру бойынша тиісті ұсыныстар әзірлеуге мүмкіндік береді", – деді Әмірбек Оспанбеков.

Ол тағы бір бағыт өңірлердегі оң тәжірибелерді зерделеу және тарату болатынын атап өтті.

"Бұл жұмысқа тек облыстық деңгейдегі мәслихаттарды ғана емес, аудандық және облыстық маңызы бар қалалардың мәслихаттарын да тарту маңызды. Олар өз ұсыныстарын тікелей жолдап, оларды талқылауға қатыса алады. Бюджет және мәслихаттардың өкілеттіктері, инфрақұрылым, әлеуметтік сала және басқа да бағыттар бойынша жекелеген мәселелерді қарау үшін тақырыптық жұмыс топтары құрылуы мүмкін. Талқылауға Құрылтай және мәслихат депутаттары, сарапшылар, азаматтық қоғам өкілдері, мемлекеттік органдар мен ұйымдар шақырылады", – деп толықтырды спикер.

Оның айтуынша, Кеңес Құрылтайдың тұрақты комитеттерінің өкілдерінен, мәслихаттарда немесе мәслихаттармен жұмыс істеу тәжірибесі бар депутаттардан, саяси партиялар мен жекелеген мемлекеттік органдардың өкілдерінен, сондай-ақ облыстардың, астананың және республикалық маңызы бар қалалардың мәслихат төрағаларынан құрылады.

"Өңірлермен тұрақты өзара іс-қимылды әрқайсысына бес өңірден бекітілетін Құрылтайдың төрт депутаты кіретін хатшылық қамтамасыз етеді. Оның міндеті – мәслихаттармен байланысты сақтау, олардың ұсыныстары мен өтініштерін жинап, жүйелеу, көтерілген мәселелерді қараудың барысы мен нәтижелері туралы өңірлерге ақпарат беру. Талдамалық жұмысты Парламентаризм институты қамтамасыз етеді. Ол келіп түскен ұсыныстарды зерделеп, өңірлердегі жүйелі мәселелерді жинақтап, заңдарды құқық қолдану тәжірибесіне жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша ұсыныстар әзірлейді", – деп қорытындылады Оспанбеков.

Құрылтай депутаттары бірінші шақырылымдағы Құрылтай жанынан Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес құру туралы ұсынысты қолдады.

Бұған дейін Құрылтай депутаттары Қазақстан мен Ресей арасындағы мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу туралы келісімнің қолданысын қайта жандандыратын хаттаманы ратификациялау туралы заңды екі оқылымда қарап, қабылдағаны хабарланған болатын.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: