Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлыбританияның Сауда жөніндегі мемлекеттік министрін қабылдады
Сурет: akorda.kz
Президент Қазақстан Біріккен Корольдікпен екіжақты қарым-қатынасты дамытуға айрықша мән беретінін атап өтті.
"Қазақстан мен Ұлыбританияны сындарлы саяси диалог және түрлі деңгейдегі белсенді қарым-қатынас байланыстырады. Сонымен қатар ынтымақтастықты одан әрі кеңейте түсуге әлеуетіміз жеткілікті екеніне сенімдімін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысының айтуынша, Біріккен Корольдік – Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктестерінің бірі.
Былтыр екіжақты сауда-саттық көлемі 83 пайызға артып, 1,6 миллиард доллардан асты. Қазақстанда 500-ден астам британиялық компания жұмыс істейді.
Президент сауда-экономикалық байланыстарды дамыту үшін жаңа жобалар мен инвестициялармен қатар, халықаралық ортада жұмыс істей алатын мамандар қажет екенін айтты.
"Сауда-экономикалық байланыстарды ілгерілету жаңа жобалар мен инвестицияларды ғана талап етпейді, сонымен бірге халықаралық ортада еңбек етуге қабілетті адамдар да қажет. Дәл осы себепті Қазақстан жастарын әлемді танып-білуге, дүниетанымын кеңейтуге, көп тіл үйренуге, ең әуелі халықаралық қарым-қатынас құралы саналатын ағылшын тілін меңгеруге шақырамын", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Кездесу барысында Президент Ұлыбритания Премьер-министрі Эндрю Бёрнэмге жылы лебізін жолдап, оны Қазақстанға сапармен келуге шақырды.
Лорд Сарвар елімізбен стратегиялық серіктестіктің дәйекті түрде ілгерілеп келе жатқанына көңілі толатынын жеткізді.
Сондай-ақ британиялық бизнес жобаларға қолдау көрсетіп, Қазақстанда қолайлы инвестициялық климат қалыптастырғаны үшін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты.
"Еліңіздің қарқынды дамып келе жатқанын үлкен қызығушылықпен қарап отырмыз. Халықаралық күн тәртібіндегі негізгі мәселелерге қатысты ұстанымдарымыздың ұқсастығын жоғары бағалаймыз. Бізді ашықтық, серіктестік, инновациялар, өзара сенім мен еркін сауда байланыстырады. Стратегиялық серіктестерімізбен қарым-қатынаста ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне сай келетін нақты нәтижеге қол жеткізуге ниеттіміз. Бұл қатарға Қазақстан да енетіні сөзсіз, – деді Анас Сарвар.
Мемлекет басшысы мен Ұлыбританияның Сауда жөніндегі мемлекеттік министрі гуманитарлық ықпалдастықты нығайтудың, академиялық алмасуды кеңейтудің және бірлескен білім беру бастамаларын жүзеге асырудың маңызына тоқталды.
Президент Ұлыбританияда білім беру және жас мамандарды даярлау деңгейі өте жоғары екеніне назар аударды.
Бұдан бөлек, кездесуге қатысушылар энергетика, көлік-логистика, цифрландыру және жасанды интеллект салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру перспективасын қарастырды.