Александр Бублик Australian Open турнирінің алғашқы айналымында-ақ жеңіліп қалды
Александр Бублик (27 ATP) үндістандық теннисші Сумит Нагалдан (137 ATP) 4:6, 2:6, 6:7 (5:7) есебімен жеңілді. Қарсыластар бұрын кездеспеген.
Матч 2 сағат 38 минутқа созылды. Бублик 13 эйс, тоғыз қос қателік жасады және жеті брейк-пойнттың үшеуін сәтті пайдаланды.
Айта кетейік, 26 жастағы Сумит Нагал жекелей сында Аустралия ашық чемпионатының екінші кезеңіне шыққан 35 жылдағы алғашқы Үндістан өкілі болды. Ол іріктеу арқылы турнирдің негізгі кезеңіне жолдама алды.
Сумит Нагал үшінші айналымға шығу үшін қытайлық Цзюнчен Шанмен кездеседі.
Енді Александр Бублик жұптық сында сербиялық Душан Лайовичпен (51 ATP) бірге өнер көрсетеді. Бірінші айналымда олар итальялық Маттео Арнальди/Андреа Пеллегрино дуэтімен ойнайды.