Астанада Ливерпульдегі әлем чемпионатынан қайтқан қазақстандық боксшыларды салтанатты түрде қарсы алды
Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Оқиға орнынан хабар таратқан Zakon.kz тілшісінің мәліметінше, жанкүйерлер сағат 7:00-ден бастап жинала бастаған. Ал 7:30-да боксшылар мінген ұшақ қонғанда, күтіп алушылар залында жүзден астам адам жиналған. Олардың арасында жеңімпаздардың тума-туысы мен жаттықтырушылары, жанкүйерлері мен қарапайым елордалықтар да бар.

Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Күтіп алушылар спортшыларды арнайы плакаттармен, ұлттық тулармен, музыкамен қарсы алып, оларға бірден бауырсақ пен қымыз ұсынды.

Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Қарсы алушылардың арасында Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ проректоры Ардақ Бейсенбай мен университет студенттері де болды.
"Біздің студентіміз Санжар Ташкенбай Әлем чемпионы атанды. Университет атынан оны қарсы алуға басшылық пен студенттер келді. Оның бұл жеңісі, жастарымыз үшін – үлкен мотивация. Барша қазақстандықтарды жеңіспен құттықтаймыз!", – деді Ардақ Бейсенбай.

Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Спортшы Айбек Оралбай бұл чемпионатта жалпыкомандалық жеңіс үшін күрес болғанын, сондықтан әркімнің жауапкершілік сезгенін атап өтті.
"Жаттығу кезінде бапкерлер: "Айбек, бұл соңғы жекпе-жегің секілді шық. Бәрі сенің шайқасыңа байланысты – жалпыкомандалық бірінші орынды алуға мүмкіндік бар", – деді. Бұл сөздер маған үлкен мотивация берді. Ең қиын сәт – үшінші раунд болды. Қарсыласым – өзбекстандық боксшы өте мықты болды. Оның үстіне, мен команда капитаны болғандықтан, жауапкершілік екі есе ауыр сезілді. Жігіттер жеңіліп жатқанда, олардың көңілі түсіп кететін. Арасында менің бауырым Нұрбек те болды. Капитан ретінде мен бәрін қолдап, мотивация беруге тырыстым", – деді Айбек.

Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Айбек Оралбай 90 келіден жоғары салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Финалда ол өзбекстандық Жахонгир Зокировты сенімді түрде жеңіп, Қазақстанға ауыр салмақта алтын медаль сыйлады.
Санжар Ташкенбай 50 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, елге алғашқы алтын медальді әкелді. Финалда ол моңғолиялық Баттулга Алдаркишигті жеңіп шықты.