Әлем чемпионы Айдос Сұлтанғалиды Астана әуежайында зор қошеметпен қарсы алды
Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Ұшып келушілерді қарсы алу залы лық толы болды. Кешкі уақыт пен сырттағы нөсер жаңбырға қарамастан, чемпионды қарсы алуға жүздеген жан жиналды. Атмосфераның сәнін оркестр мен ұлттық аспаптарда ойнайтын музыканттар келтірді. Сондай-ақ дәстүрге сай қызыл кілем төселіп, чемпионға бауырсақ пен қымыз ұсынылды.

Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Есіктер ашылып, алтын медалін кеудесіне тағып Айдос көрінген сәтте, зал ішін ду қол шапалақ пен "Айдос! Чемпион!" деген ұрандар кернеді.
ҚР Қорғаныс министрлігі Орталық спорт клубының мүшесі Айдос Сұлтанғали жаттықтырушылар мен күрес федерациясының өкілдерімен бірге құрмет дәлізінен өтті. Халықтың назарынан сәл қысылғаны байқалса да, жүзінде мақтаныш күлкісі бар еді. Оның иығына бірден Қазақстан туы жабылды, ал балалар чемпионға қолын созып, қолтаңба алуға тырысты. Шығар есік жанында Айдостың суреті бейнеленген үлкен баннер тұрды.

Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Ол халыққа алғысын білдіріп, осы жолда бірге болған жандарға алғыс айтты. Сондай-ақ әлі де алда үлкен жұмыс тұрғанын атап өтті.
"Әлі бәрі алда. Ең басты мақсат – Олимпиада. Егер Олимпиададан алтын алсақ – міне, сол нағыз жетістік болады. Ең бастысы – біз елге "алтынды" алып келдік. Жеңіске жеткен сәтте көзге жас келді. Бірінші ата-анама хабарластым, кейін достарыма. Олар Қызылордада мені күтіп, қолдап отырды", – деді Айдос Сұлтанғали.

Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Ол бұл жеңістің артында үлкен команда тұрғанын атап өтті.
"Бұл – жаттықтырушылар, массажшылар, психолог, дос-жараным – спарринг-серіктестерім. Құдайға шүкір, нәтиже үмітті ақтады. Әлем чемпионы атанғаныңды бірден түсіну қиын. Қуаныш бар, бірақ өзіңді ұстауға тырысасың, өйткені ер адамға артық эмоция көрсету жараспайды дейді ғой. Бірақ бәрібір бақыт кернеді. Жаттықтырушы бізге екі ай бұрын келді. Оның: "Маған тек алтын керек" деген сөзі ерекше жігер берді. Мүмкін, дәл осы сенімділік бізге күш-қуат сыйлады", – деді чемпион.

Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Оның айтуынша, бұл алтын медаль – әрі ауыр, әрі қымбат.
"Бұған дейін мен бұл қарсыласымнан жеңілгенмін. Бірақ финалда өз мүмкіндігімді толық пайдалана алдым. Мұндай мүмкіндік енді қайталанбас та шығар. Сондықтан барымды салып, соңына дейін күресіп, қолдан келгеннің бәрін жасау керек болды. Алты минуттық белдесу – қанша қиын болса да, соңына дейін баруға тиіс болдым", – деді Айдос Сұлтанғали.

Сурет: Zakon.kz/Екатерина Елисеева
Ұзақ сапарға қарамастан, Айдос әуежайдан кетуге асықпады. Ол келген халықпен екі сағаттан астам уақыт өткізіп, суретке түсіп, әңгімелесті. Чемпион соңғы адам кеткенше тұрып, әр жанға жеке көңіл бөлді.
Айта кетейік, 2025 жылдың 20 қыркүйегінде Қазақстандық грек-рим күресінің балуаны Айдос Сұлтанғали әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алды. 21 қыркүйекте ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Айдос Сұлтанғалиды әлем чемпионы атануымен құттықтады.