Франция футбол құрамасының бас бапкері 14 жылдан кейін қызметінен кетті

Франция футбол құрамасының бас бапкері 14 жылдан кейін қызметінен кетті, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.07.2026 15:45 Сурет: Getty Images
Франция ұлттық футбол құрамасының бас бапкері Дидье Дешам өз қызметінен кететін болды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Дешамның отставкаға кеткенін Франция футбол федерациясы ресми түрде жариялады.

"Франция футбол федерациясы ұлттық құраманың бас бапкері Дидье Дешамға 2012 жылдан бері атқарған айрықша еңбегі үшін зор алғысын білдіреді. Франция құрамасындағы қызметінен кеткеннен кейін Дидье Дешам француз футболына ширек ғасыр бойы адал қызмет еткен жарқын жолын аяқтап отыр. Дидье Дешам тәртіптің, талапшылдықтың, бірліктің және Франция құрамасының көк жейдесіне деген сүйіспеншіліктің символына айналды. Оның жетекшілігімен ұлттық құрама 14 жыл бойы жанкүйерлердің сенімін, құрметін және қолдауын қайтара алды. Осы кезеңде Франция құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатында топ жарды, 2021 жылы Ұлттар лигасында жеңіске жетті, бірнеше ірі турнирдің финалына шығып, әлемдік деңгейдегі тұрақтылығын сақтап қалды", – делінген федерацияның мәлімдемесінде.

Федерация мәліметінше, Дидье Дешам бас бапкер ретінде 185 матч өткізіп, оның 120-сында жеңіске жеткен. Сонымен қатар ол нәтижеге ұмтылу мен жауапкершілік мәдениетін қалыптастырып, болашақ буынға үлгі болатын мұра қалдырды.

"Ол халықаралық деңгейдегі көп футболшының қалыптасуына ықпал етті, берік құндылықтарға негізделген бірнеше буынды біріктірді және француз халқы мен ұлттық құраманың арасындағы ерекше байланысты нығайтты. 1998 жылғы әлем чемпионы және 2000 жылғы Еуропа чемпионы атанған құраманың капитаны, ал араға жиырма жыл салып әлем чемпионы атанған бапкер ретінде Дидье Дешам француз футболының тарихында айрықша орын алады. Франция құрамасының көк жейдесіне ойыншы ретінде де, бапкер ретінде де дәл осындай адалдықпен қызмет еткен жандар өте аз. Федерация мен оның қызметкерлері оның кәсібилігі мен жанкешті еңбегіне құрмет көрсетеді. Оның ізі Клерфонтендегі ұлттық оқу-жаттығу базасында да, миллиондаған жанкүйер мен еріктінің жүрегінде де мәңгі сақталады. Франция футбол федерациясы оған шексіз алғысын білдіреді. Рақмет, Дидье!" – деп түйіндеді федерация.

Еске салайық, бұған дейін Мбаппе әлем чемпионаттарындағы гол саны бойынша Мессидің рекордын жаңартқанын хабарлаған едік.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: