Ахмади Маханов алғаш рет World Tennis J100 турнирінің чемпионы атанды
Сурет: ktf.kz
Аустрия астанасындағы грунт төсенішінде өтіп жатқан жарыста Маханов жұптық сында жергілікті теннисші Леандер Таубермен бірге өнер көрсетті. Қазақстандық-аустриялық жұп турнирде төртінші нөмірмен тіркелді.
Финалда Маханов пен Таубер жарыстың екінші нөмірлі жұбы – норвегиялық Пол Хьортеланд пен Николай Шибаниге қарсы ойнады. Алғашқы сетте Норвегия өкілдері 6:4 есебімен басым түсті. Алайда екінші партияда Маханов пен Таубер ойын барысын өзгертіп, дәл осындай есеппен жеңіске жетті — 6:4. Чемпиондық тай-брейкте қазақстандық-аустриялық жұп 10:5 есебімен жеңіс тұғырынан көрінді.
Кездесудің қорытынды есебі — 4:6, 6:4, 10:5.
Осылайша, 15 жастағы Ахмади Маханов мансабында алғаш рет World Tennis J100 деңгейіндегі турнирдің жеңімпазы атанды. Бұған дейін қазақстандық теннисші J60 санатында үш рет — Чэнду, Қарағанды және Әндіжанда топ жарған. Сондай-ақ Манамада өткен J30 турнирлерінде екі рет чемпион атанған.