Бүгін "Қайрат" клубы "Левски" командасымен кездеседі
Сурет: Instagram/f.c.kairat
Ойын Қазақстан уақытымен сағат 20:00-де басталады. Матчты "Qazsport" телеарнасы тікелей эфирде көрсетеді. Кездесудің бас төрешісі болып Германиядан келген 42 жастағы Даниэль Зиберт тағайындалды.
Зиберт 2015 жылдан бері ФИФА төрешісі атанып, осы уақытқа дейін бірнеше маңызды матчқа қазылық еткен.
Бұған дейін ол еурокубоктардың іріктеу кезеңінде қазақстандық командалардың қатысуымен ("Астана", "Қызылжар) өткен екі матчта төрешілік жасаған. Екі кездесу де Кипрдің АПОЭЛ клубына қарсы өткен.
Ал "Левски" ойыншыларына келсек, клубтың баспасөз қызметі команданың Қазақстанға келгенін әлеуметтік желілерде хабарлады. Болгариялық команда Түркістанға чартерлік рейспен жеткен. Ұшу шамамен алты сағатқа созылған.
"Міне, біз де келдік!" – деп жазды болгариялық клубтың ойыншылары Түркістаннан жариялаған видеоға.
"Қайрат" клубының баспасөз қызметінің мәліметінше, матчтың билеттері толығымен сатылып кеткен.
Еске салсақ, бұған дейін Болгарияда өткен кездесуде алматылық клуб алаң иелерінен 0:1 есебімен ұтылып қалған болатын.

