Қазақстандық қақпашы Покатилов УЕФА Чемпиондар лигасының плей-офф кезеңінде ойнайды
Сурет: Instagram/sabahfc
Қазақстандық қақпашының сенімді ойыны "Сабахқа" өз алаңында қарсыласын 4:0 есебімен ойсырата жеңіп, клуб тарихында алғаш рет УЕФА Чемпиондар лигасының іріктеу кезеңінің плей-офф кезеңіне шығуға мүмкіндік берді.
Матчтың бірінші таймында "Сабах" ойыншылары датиялық команданың қақпасына гол соға алмады. "Орхус" футболшылары қорғанысты мығым ұстап, қарсыласына мүмкіндік бермеді.
Алайда үзілістен кейін Стас Покатиловтың командасы шабуылды күшейтті. Көп ұзамай "Орхус" қорғанысы сыр беріп, датиялық клуб қақпасына төрт гол соғылды.
Жеңімпаздар сапынан Велко Шимич, Ксандер Северина, Стив Сольве және Джой-Ланс Микелс гол авторы атанды.
Бір апта бұрын "Сабах" сырт алаңда "Орхусқа" 1:2 есебімен жеңілген еді. Алайда қарымта кездесуде әзербайжандық клуб қарсыласынан басым түсіп, алғашқы матчтағы жеңілістің есесін еселеп қайтарды.
Екі матчтың қорытындысы бойынша Валдас Дамбраускастың шәкірттері УЕФА Чемпиондар лигасы іріктеуінің плей-офф кезеңіне жолдама алды. Бұл кезеңде олар Израильдің "Хапоэль Беэр-Шева" командасымен кездеседі.