"Қайрат" – "Андерлехт" ойыны алдында жанкүйерліне үндеу жасады
Фото: Zakon.kz
Футболшылар әлеуметтік желідегі парақшаларында 20 тамыз сағат 20:00-де Алматының Орталық стадионында "Қайрат" бельгиялық "Андерлехт" командасын қабылдайтынын еске салып, осыған байланысты жанкүйерлерден билеттерді алыпсатарлардан сатып алмауын ескертті.
"Мұндай билеттердің күші жойылуы мүмкін, сондықтан матчқа кіре алмай қалу қаупі бар. Бұл жанкүйерлерге де, ұйымдастырушыларға да қолайсыздық туғызады", – деп матч көрермендеріне алдын ала құлаққағыс етті.
Сонымен қатар билеттерді тиісті мобильді қосымшалар арқылы сатып алуға болатыны белгілі болды. Сатып алу кезінде ЖСН көрсету қажет, сондай-ақ сатып алынған билеттер кері қайтарылмайды.
Ал матч өтетін күні көрермендерге кездесудің басталуына екі-үш сағат қалғанда стадионға келу ұсынылды. Бұл кезекте тұрып қалмауға және үлкен еурокубок кешінің атмосферасын толық сезінуге мүмкіндік береді.
"Бізге сіздердің дауыстарыңыз, энергияларыңыз және алғашқы минуттан соңғы минутқа дейінгі қолдауларыңыз қажет", – делінген футбол клубының хабарламасында.
16 тамызда Алматы қаласының Спорт нысандары дирекциясы алдағы матч алдында Орталық стадионда қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.