"Кейде қорқынышты": Михаил Шайдоров маңызды шешімнен кейін жанкүйерлеріне үн қатты

"Кейде қорқынышты": Михаил Шайдоров маңызды шешімнен кейін жанкүйерлеріне үн қатты, сурет - Zakon.kz жаңалық 21.11.2026 11:53 Сурет: instagram.com/mikhail_shaidorov
Мәнерлеп сырғанаудан Олимпиада чемпионы Михаил Шайдоров бапкері Алексей Урмановпен әріптестігін тоқтатқаны туралы алғаш рет пікір білдірді. Спортшы ойын әлеуметтік желіде бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Мәнерлеп сырғанаушы бапкері мен жанкүйерлеріне арнаған жазбасын 2026 жылғы 20 қарашада Instagram парақшасында жариялады. Чемпионның айтуынша, олардың бірлескен жолы осыдан он жыл бұрын, ол 12 жастағы бала кезінде маманның оқу-жаттығу жиынына алғаш рет келген сәттен басталған.

Осы он жыл ішінде бапкер мен шәкірт талай қиындықты, жарақаттарды және әлемдік мұз айдынындағы жарқын жеңістерді бірге өткерді.

"Ең бастысы, осы жолдың барлығында бапкерімнің шәкіртіне деген сенімін сезіндім. Алексей Евгеньевич он жыл ішінде маған мол кәсіби тәжірибесі мен білімін беріп, дамуыма көп күш-жігерін жұмсады. Оның арқасында мен спортшы ретінде ғана емес, тұлға ретінде де өстім. Мұның бәрін бірге, қол ұстасып, иық тіресе жүріп еңсердік. Сол сәттердің барлығы мәңгі есімде қалады. Осы жолды бастаған кезде қандай болғанымды және бүгін қандай деңгейге жеткенімді білемін", – деп жазды Шайдоров.

Сондай-ақ спортшы жоғары нәтижелерге жетуіне септігін тигізген еңбегі мен қолдауы үшін Урмановқа алғыс айтты. Оның сөзінше, кезінде мұндай жетістіктерге жетемін деп армандамаған.

"Жолымда осындай жанның – тамаша бапкердің, тәлімгердің әрі шабыт берушінің кездескеніне тағдырыма ризамын. Ол маған ең жоғары нәтижелерге жетуге көмектесті. Алексей Евгеньевичке бірге өткерген жолымыз, еңбегі, қолдауы мен маған деген сенімі үшін алғыс айтамын. Бүгін біз бір кездері тіпті армандамаған жетістіктерге қол жеткізген кезеңді аяқтап отырмыз", – деді ол.

Спортшы енді өмірінің жаңа кезеңі басталатынын айтып, Қазақстан намысын биік деңгейде қорғау үшін жаттығуды бұрынғыдай жалғастыратынын жеткізді.

"Алға жылжитын уақыт келді. Алда жаңа кезең күтіп тұр. Бұл жол оңай болмауы, кейде қорқынышты болуы да мүмкін. Бірақ жаңа мақсаттар мен сын-қатерлер міндетті түрде болады. Елімді ең жоғары деңгейде лайықты таныту үшін бұрынғыдай аянбай еңбек ете беремін. Осы жолда маған сеніп, қолдау көрсеткен баршаңызға рақмет. Әрдайым жанымнан табылғандарыңыз үшін алғыс айтамын", – деп түйіндеді чемпион.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: