Физика-математика мектебінің оқушылары Microsoft компаниясынан 550 доллар ұтып алды
Астанадағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушылары Арсен Қылышбек пен Владимир Борзенков Microsoft for Startups компаниясынан 550$ грант ұтып алды. Жас стартаперлер Microsoft for Startups Founder Hub-тан өткеніне қуанып отыр. Олар ұтып алған қаражатты өз жобаларын дамытуға жұмсамақ.
Оқу-ағарту министрлігінің хабарлауынша, Арсен мен Владимир жасаған жоба "Whoock" деп аталады. Ол - клиент үшін мәтіндік хабарламаларға негізделген қызмет жүйесін дамыта алатын веб-сайт генераторы және редакторы.
"Генератор заманауи дизайнмен толық веб-сайт жасай алады, яғни сайтты құрып, клиенттің сұранысына сай орындау жасанды интеллектпен байланыс арқылы жүзеге асады",– дейді оқушылар.
Жобаның аудиториясы – компания туралы прототип немесе жедел сайт жасауды қажет ететін енді басталған бизнес және стартаптар. Қазір Whoock алғашқы қызметтік нұсқасын жүзеге асырады. Бета нұсқа іске қосылған соң оқушылар сервис мүмкіндігін одан әрі арттыруды жоспарлап отыр. Whoock- пен толыққанды веб-қосымшаларды әзірлеуге болады.
"Платформа орта есеппен бір жарым минут ішінде толыққанды сайт жасайды. Келесі аптада іске қосуды жоспарлап отырмыз. Кез келген адам өз платформасына тегін қол жеткізе алады және оны қалағанынша пайдаланады", — дейді оқушылар.