Қытайда Жердің айналуына әсер етуі мүмкін тағы бір алып су электр станциясын салынып жатыр
Сурет: wikipedia
Wprost басылымының дерегінше, ұзындығы шамамен 50 шақырым болатын Үлкен иілім деп аталатын аумақта өзен биіктігін күрт жоғалтып, 2 мың метрден астам төмендейді. Бұл аймаққа бұрын-соңды болмаған гидроэнергетикалық әлеует береді. Дәл осы жерде әлемдегі ең қуатты гидроэлектр станциясын салу жоспарланып отыр. Оның қуаты "Үш шатқал" бөгетінен үш есе жоғары болады.
Тибетке салынатын инвестиция нәтижесінде жылына шамамен 300 млрд киловатт-сағат (кВт·сағ) электр энергиясын өндіру жоспарланып отыр.
Бұл жаңа таза энергия көзі Қытай үкіметі үшін Үндістанмен шекаралас орналасуына байланысты стратегиялық маңызы бар Тибет өңірін электр энергиясымен қамтамасыз етеді. Алайда жоба тек Тибетпен шектелмейді.
Заманауи ұзақ қашықтыққа арналған электр беру желілерінің арқасында өндірілген энергия Қытайдың шығысындағы өнеркәсібі дамыған провинцияларға да жеткізіліп, жасанды интеллектке арналған қарқынды дамып келе жатқан деректерді өңдеу орталықтарын электр қуатымен қамтамасыз етеді.
Жаңа ГЭС сонымен қатар өңірдегі су ресурстарын бақылау құралына айналуы мүмкін. Бөгет Үндістанмен даулы шекараға жақын, Медог уезінде салынып жатыр. Бөгеттер жүйесі арқылы Қытай Үндістан мен Бангладешке бағытталатын су ағынын толық бақылауға мүмкіндік алады.
Бұл құрғақ маусымда суды ұстап тұруға немесе муссон кезінде оны жылдам жіберуге мүмкіндік береді. Негізгі тұщы су көздерінің бірі ретінде Ярлунг өзеніне тәуелді Үндістан үшін бұл елеулі стратегиялық қауіп тудыруы мүмкін.
Инженерлік міндеттердің аса күрделі болуы мен жер бедерінің ерекшеліктеріне байланысты сарапшылар бөгеттердің тұтас каскадын салуға шамамен 10 жыл қажет болады деп болжайды. Жүйенің жекелеген кезеңдері 2030-жылдары біртіндеп іске қосылады деп күтілуде. Ал гидроэлектр станциясын коммерциялық пайдалануға беру 2033 жылға жоспарланған.
Құрылыс планетаға да әсер етуі мүмкін. 2005 жылы NASA геофизигі Бенджамин Фонг Чао Янцзы өзеніндегі "Үш шатқал" бөгетінің су қоймасын толтырудың салдарын зерттеген. Құрылыс аяқталғаннан кейін онда шамамен 44 млрд тонна су жиналды. Ғалым мұндай үлкен массаның қайта бөлінуі Жердің инерциясын аздап арттыратынын есептеген.
Нәтижесінде тәуліктің ұзақтығы шамамен 0,06 микросекундқа ұзарған, ал Жердің айналу осі шамамен 2 сантиметрге ығысқан. Соңғы онжылдықтарда әлем бойынша салынған мыңдаған бөгеттің жиынтық әсері Жердің айналу осін шамамен 1 метрге ығыстыруы мүмкін деген болжам бар.
Жердің географиялық полюстерінің тұрақты түрде ығысуы географиялық координаттарды үнемі жаңартып отыруды қажет етеді. Планета осін есептеудегі болмашы қателіктердің өзі спутниктік навигация жүйелерінің (GPS) жұмысына, әуе қозғалысына, автономды құрылғылар мен ғарыштық миссиялардың орналасуын анықтауға әсер етуі мүмкін.
Бұл сондай-ақ ауа массалары мен мұхит ағыстарының таралуына әсер етіп, ауа райындағы ауытқулар мен климаттық белдеулердің ығысуына себеп болуы мүмкін.
Жердің айналуы баяулаған сайын тәулік те ұзара түседі. Алайда егер Күн сәулесінің түсу бұрышы да өзгерсе, бұл күн мен түннің ұзақтығына ғана емес, біз білетін жыл мезгілдерінің қалыптасуына да айтарлықтай әсер етер еді.
Бұған дейін Қытайда алғашқы пластик жолдың салынғаны туралы хабарлаған болатынбыз.