Колумбиядағы ұшақ апаты: туыстары аман қалған балаларға таласып жатыр
Бір жас пен он үш жас аралығындағы балалар қазір ауруханада жатыр. Ал Колумбияның балаларды қорғау агенттігі анасы апатта қайтыс болғандықтан, оларға кім күтім жасайтынын анықтау үшін отбасы мүшелерімен сұхбат жүргізуде. Ұшақ 1 мамырда апатқа ұшырады, деп жазды The Guardian.
Колумбия отбасылық әл-ауқат институтының басшысы Астрид Касерес екі үлкен баланың әкесімен таласып жатқан нағашы атасы мен апасының өтініші бойынша балаларға арнайы маман бөлінгенін айтты.
Жексенбіде атасы Нарсисо Мукутуй балалардыі әкесі Мануэль Ранокті балалардың шешесі Магдалена Мукутуйға турмыстык зорлық-зомбылық жасаған деп айыптады.Оның айтуынша, әке-шешесінің арасында жанжал туғанда балалар орманға тығылып қалып жүрген.
Ранок журналиске үйде жанжал болғанын мойындады, бірақ ол мұны "бүкіл әлемге жар салатындай өсек" емес, жеке отбасылық меселе деп сипаттады.
"Әйеліңді ұрдың ба?" деген сұраққа Ранок ұрыс-керіс болғанымен, ұрып-соғу сирек болғанын айтты.
Раноктың сөзінше, оған өзінен туған екі ересек баламен көрісуге рұқсат етілмеген. Отбасы әл-ауқаты институты мұның себебін түсіндіруден бас тартты.
Балалар 1 мамырда Амазонияның Араракуа ауылынан Сан-Хосе-дель-Гуавьяре қаласына ұшып бара жатқанда, бір қозғалтқышты Cessna ұшағының ұшқышы қозғалтқышының істен шығуына байланысты төтенше жағдай жариялады. Біраз уақыттан кейін ұшақ радардан жоғалып кетті, сонан соң бортта болған үш ересек адам мен төрт бала іздестіріле бастады.
Апаттан аман қалған балалар бір айдан астам уақыт бойы ұн мен маниок дәнін, тропикалық орманнан тапқан жемістерді жеп, күнелткен.
Өткен жұма аман табылып, тікұшақпен ел астанасы Боготаға, одан кейін әскери госпитальға жеткізіліп, психологиялық көмек пен басқа да қолдаулар көрсетілді.
Балалар туыстарына джунглиде болған жағдайдың жай-жапсарын айтып берді. Олардың үлкені апаттан кейін анасы қайтыс болғанға дейін төрт күндей тірі болғанын айтты.
Апаттан кейін екі апта өткен соң қалың тропикалық орманнан ұшақ пен үш ересек адамның мәйіті табылды, бірақ балалар ұшты-күйлі жоқ боп кеткен, бұл олар әлі тірі болуы мүмкін деген белгідей болды.
Апталарға созылған іздестіру кезінде тікұшақтардағы сарбаздар джунглиге азық-түлік жәшіктерін тастады, ал ұшақтар құтқарушылар жүрген жерді жарықтандыру үшін түнде зымырандар ұшырды. Құтқарушылар балалардың әжесі жазып алған хабарды дауыс зорайтқыштар арқылы да таратып, олардың ешқайда кетпеуін өтінді.
Нәтижесінде балалар ұшақ құлаған жерден 5 шақырымдай жерде шағын алқаптан табылды. Билік құтқарушылардың бірнеше рет апат орнынан 20-50 метрден өтіп кеткенін, бірақ оларды байқамағанын айтты.