Англияда алты жыл бұрын жоғалып кеткен бала аман-есен табылды
CNN арнасының мәліметінше, 2017 жылы жоғалып кеткен Алекс Бэтти есімді бала Францияның оңтүстік-батысынан дін-аман табылды.
Алекс Бэтти 11 жасында анасымен және атасымен Испанияда демалыста жүргенде жоғалып кеткен. 13 желтоқсан күні Франция полициясы оны Тулуза маңындағы Жоғары Гаронна департаментінен тапты. Жасөспірімнің отбасы мүшелері оған хабарласып, оның жеке басын растап үлгерген. Алекс Бэтти жақында Англияға оралады.
"Мен өте қуаныштымын! Мен онымен сөйлестім, оның жағдайы жақсы. Қазір ол француз билігінің қасында. Мұның бәрі таң қалдырады", – деді Алекстің әжесі, қазір оның ресми қамқоршысы.
Бэттидің отбасы тұратын Англияның Олдхэм қаласының полициясы оның жоғалып кетуіне қатысты тергеу аясында француз билігімен бірігіп жұмыс атқаруда. Құқық қорғау органдары балаға осыдан алты жыл бұрын не болғанын және оның осы уақыт ішінде қайда болғанын анықтап жатыр.