Бельгия халқы жаңа реформаға қарсы

Кулаки, драка, насилие, нападение, потасовка, избиение, перепалка, схватка, разборка, разборки, рукоприкладство, побои , сурет - Zakon.kz жаңалық 20.02.2025 15:17 Фото: unsplash
Еуропа елдері ежелгі дұшпан - экономикалық дағдарыспен арпалысып жатыр. Жағдайы мүшкіл мемлекеттердің басшылары әлеуметтік төлемдерді қысқартып, салықтың мөлшерін көбейтуде.

Осы уақытқа дейін халықты барынша жарылқап келген Бельгия билігі де бюджеттік шығындарды азайтпақ. Екі апта бұрын іске кіріскен жаңа үкімет әлеуметтің әлжуаз топтарын қолдауды азайтып, масылдармен күресті күшейтпек.

Билікке Барт де Вевер келген екі аптада Бельгияда ереуіл күшейді. Халық жаңа үкіметтің қатаң үнемдеу саясатына наразы. "Қарызға белшеден баттық" деген желеумен Премьер-министр кабинеті бюджетті қысқартып, 2029 жылға қарай 23 млрд еуро үнемдемек.

Қарттардың көбеюі, оларға зейнетақы төлеуге жылына 63 млрд еуро табу Бельгия үкіметінің бас қайғысына айналды. Сондықтан биыл қаңтардан бастап зейнетке шығу жасы 65-тен 66-ға ұзартылған болатын. Енді биліктегілер 2030 жылға қарай оны 67 жасқа көбейтпек.

Толыққанды зейнетақы алу үшін азаматтар 45 жыл аянбай тер төгуі тиіс, деп жазады qazaqstan.tv.

"Зейнетке шығу жасын ұзарту сұмдық енді. Біз сияқты әскерилер, өрт сөндірушілер жап-жас боп өмірден өтіп жатыр. 67 жасқа дейін жұмыс істеуге шыдамайды. Ақша бермеудің амалы ғой бұл." Мартин Бовэ, әскери қызметкер

55 жасқа дейінгі азаматтарға жұмыссыздық үшін жәрдемақы бұдан былай тек екі жыл ғана берілмек. "Бұл – жұмыс жоқ деп үкіметтің есебінен күн көруге машықтанған масылдардың санын азайтады", – дейді биліктегілер. Statbel статистика агенттігінің мәліметінше, елде қазір 176 мың вакансия бос тұр. Ал жұмыссыздық үшін жәрдемақыны 300 мың адам алып отыр.

"Жұмыссыздық үшін жәрдемақыдан қағылғандар әлеуметтік демеуқаржыға өтінім беруге ағылады енді. Қазірдің өзінде "ашпын, көмек бер" деп келгендерді қабылдап үлгермей жатырмыз. Әлеуметтік ахуал ушығайын деп тұр." Лоуренс Вансталь, жәрдемақы тағайындау орталығының қызметкері

Үкіметтің қатаң үнемдеу саясаты халықтың сатып алу қабілетін төмендетіп, кедейлердің санын онан сайын көбейтеді, дейді сарапшылар. Қазірдің өзінде елде 2 млн астам адам кедейшіліктің кебін киіп отыр. Дағдарыстан, қымбатшылықтан қажыған тұрғындар наурызда қатаң үнемдеуге қарсы тағы да жалпыұлттық шеру ұйымдастырмақ.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: