Бразилияда жолдастық матч кезінде 15 жастағы футболшы оққа ұшты
Сурет: pixabay
Globo басылымының мәліметінше, жас спортшы кездейсоқ тиген оқтың құрбаны болған.
Қайғылы оқиға Масейо қаласындағы Понтал-да-Барра ауданында өткен матч кезінде болған. Ойын барысында белгісіз біреулер футболшылар мен жанкүйерлерге қарай оқ атқан. Атылған оқтардың бірі Микаэл Леандроға тиіп, ол ауыр жарақат алған.
Жасөспірім дереу ауруханаға жеткізілгенімен, дәрігерлер оның өмірін сақтап қала алмады.
Полицияның алдын ала болжамынша, бұл шабуыл есірткі саудасын бақылауға алған қылмыстық топтардың әрекетімен байланысты болуы мүмкін.
Микаэл Леандро "Сан-Паулу" футбол академиясының командаларының бірінде ойнаған. Жақында ол Copa Fictor турнирінің жеңімпазы атанып, жарыстың бір матчында үздік ойыншы деп танылған болатын.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары осы қылмыстық іс бойынша тергеу жұмыстарын жүргізіп, оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.
Бұған дейін Пәкістандағы қар көшкінінде қаза тапқан әлемге әйгілі альпинист Нирмал Пурджидің мәйіті табылғанын жазғанбыз.