Қарулы ер адам барда танымал спортшыны басқа біреумен шатастырып, атып өлтірді
Фото: unsplash
Need To Know басылымының жазуынша, қайғылы оқиға Бразилия мегаполисіндегі барлардың бірінде болған. Қарулы ер адам спортшыға жақындап, оған жақын қашықтықтан бірнеше рет оқ атқан. Кейін аспанға оқ атып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Куәгерлердің айтуынша, шабуылдаушы ұлын ренжіткен адамды іздеген.
"Оған іздеген адамының жасыл футболка киіп жүргені айтылған. Өкінішке қарай, сол кеште Кристиано Фигейра да жасыл футболка киген", – делінген хабарламада.
Спортшыға кемінде үш оқ тиген. Достары оны жедел түрде жақын маңдағы ауруханаға жеткізгенімен, дәрігерлер өмірін сақтап қала алмады. Ол алған жарақаттарынан көз жұмды. Марқұмның артында жеті жастағы қызы қалды.
Жергілікті полиция күдіктіні іздеп жатыр. Алайда әзірге ешкім ұсталған жоқ.
Марқұм әлеуметтік жоба аясында жаттықтырушы болып, адамдардың өмірін жақсы жаққа өзгертуге көмектескен. Оның жұбайы, спортшы Беатрис Гомес күйеуін ең жақын досы әрі керемет әке деп атап, оның құрметіне чемпион атануға уәде берді. Марқұмның бауыры Витор қылмыскерді жауапқа тартып, оған ең ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды талап етті.
Бұған дейін танымал модельді бұрынғы күйеуі мен қайын атасы ақша үшін аяусыз өлтіргені хабарланған еді.