БҚО әкімдігінің мәліметінше, қазіргі таңда өңірде су тасқынынан зардап шеккен ауылдардағы 13 мектепте 4 132 оқушы қашықтан білім алуда. Соның ішінде Бөрлі ауданында 2 мектеп және Теректі ауданында 8 мектеп аталған қашықтан оқыту форматында жұмыс істеп жатыр.
Қаратөбе ауданындағы 104 оқушыға сабақ аудан орталығындағы дәстүрлі оқыту форматында жүріп жатыр. Сонымен қатар Бөрлі ауданындағы Ақсу ауылынан 66 бала Ақсай қаласындағы №5 мектеп жанындағы интернатында жатып білім алуда. Биыл сәуір айының 1-інен бастап облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушыларына күнделікті сабақ облыстық мектеп-лицей-интернатында жүргізілуде.
Сондай-ақ облыстық есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернатында 53 оқушы жатып, ал 187 оқушы үйден қатынап оқып жүр.
Ретті жерінде айтайық, эвакуацияланған балаларға мектептердегі педагог-психологтар психологиялық қолдау көрсетуде және қосымша білім беру орталықтар арқылы әртүрлі бағытта үйірмелер ұйымдастырылуда. Облыстағы төтенше жағдай жарияланған аудан мектептерінде сәуірдің 8-інен бастап дәстүрлі оқыту форматына көшіру жоспарланып отыр.
Аманжол Исламғали