Белгісіз джинсы: балаларға арналған киімді таңбалаудағы қателіктер

2024 жылдың маусым айының соңында Қонаев қаласындағы сауда нүктелерінің бірінен "МОТҚҚҚ" ҚБ құқыққорғаушылары құпия сатып алушы әдісімен балаларға арналған джинсы шалбар сатып алған.

Өнім Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша "Ұлттық сараптама орталығы" ШЖҚ РМК филиалының аккредиттелген зертханасына Кеден одағының техникалық регламентінде белгіленген қауіпсіздік және таңбалама талаптарына сәйкестігіне кешенді тексеру жүргізу үшін берілді.

Сараптама джинсы жапсырмасында қазақ және орыс тілдеріндегі мәліметтердің жоқтығын көрсетті, мысалы: өнімнің атауы, өндірілген елдің атауы, өндіруші және оның заңды мекенжайы туралы мәліметтер, материалдың құрамы, бұйымның өлшемі, шығарылған күні; сонымен бірге EAC белгісі де жоқ болып шықты.

Таңбаламаға қатысты мәселелер елеусіз ұсақ-түйек сияқты көрінуі мүмкін, бірақ шын мәнінде, бұл сапа мен қауіпсіздіктің маңызды көрсеткіші болып табылады. Ата-аналар көбінесе балалары тез өсетіндіктен киім ұзақ уақыт бойы пайдаланылмайтынына мән беріп, бағасына назар аударады. Дегенмен, балалардың заттарын үнемдеу қауіпті салдарға әкелуі мүмкін.

Сурет: Жанна Биятан

Сарапшы Алия Алибекова атап өткендей, қауіпсіздік туралы техникалық регламент талаптарына сай келмейтін киім сыртқы түрін жоғалтып қана қоймай, баланың денсаулығына да қауіп төндіруі мүмкін. Матаның жарамсыз құрамы немесе химиялық бояғыштарды қолдануы, әсіресе, терісі сезімтал балаларда. аллергия мен тітіркенуді тудырары анық.

"Киімнің негізгі қызметі – қорғау. Матаның құрамы туралы мәліметтер болмағандықтан, тұтынушылар материалдың бала терісі үшін қаншалықты қауіпсіз екенін бағалай алмайды. Бұл, әсіресе, синтетикалық немесе қатты бояғыштар сияқты белгілі бір ингредиенттерге аллергиясы немесе сезімталдығы бар балалар үшін өте маңызды. Егер таңбалама талаптары бұзылса, тұтынушы дұрыс таңдау жасап, шын мәнінде, жарамды әрі қауіпсіз киім сатып алу мүмкіндігінен айырылады", – дегенді алға тартады Алия Алибекова.

Бір айта кетерлігі, Кедендік одақтың техникалық регламентінің талаптары тек балалар киіміне ғана емес, жеңіл өнеркәсіптің кез келген өнімдеріне де қатысты.

Ересектерге арналған киім, төсек-орын, үйге арналған тоқыма бұйымдары – бұл өнімдердің барлығы да белгілі бір стандарттар мен нормаларға сәйкес келуі керек.

Таңбаламаны бұзу – бұл өндіріс процесінің кейбір кезеңінде өндірушінің егжей-тегжейге жеткілікті назар аудармағанының белгісі. Егер сәйкессіздіктер әсіресе, балалар өнімдеріне қатысты болса, бұл алаңдатарлық жайт, бірақ мұндай қателіктер ересектер үшін де қауіпті екенін ұмытпаңыз. Мысалы, құрамында белгілі бір химиялық заттар бар мата ересектерде де терінің тітіркенуін тудыруы мүмкін.

Алия Расбекқызы атап өткендей, мұндай жағдайларда тұтынушылар тауар туралы толық ақпарат беруді сұрап сатушыға немесе өндірушіге хабарласуға толық құқылы:

"Егер затбелгіде құрамы немесе өндіруші туралы ақпарат болмаса және ол туралы сатушы нақты жауап бере алмаса, бұл сатып алу турлы ойлануға негіз болуы тиіс. Тұтынушы өнімнің шыққан жерін растайтын құжаттарды сұратуға, ал бас тартқан немесе толық емес мәліметтер алған жағдайда бақылаушы органдарға хабарласуға құқылы. Қауіпсіздік әрқашан бірінші орында тұруы керек екенін есте ұстаған жөн, тіпті, олар ұзақ уақыт бойы пайдаланылмайтындай көрінуі мүмкін балалар заттарына қатысты болса да".

Сарапшылар ұсынады:

  1. Өнімнің таңбаламасы мен жапсырмаларын тексеріңіз. Барлық қажетті мәліметтер: өнімнің атауы, шығарылған елі, материал құрамы, шығарылған күні және т.б. сіз түсінетін тілде көрсетілгеніне көз жеткізіңіз.
  2. Жапсырмада ақпарат болмаса, сатушыдан сұраңыз. Күмән туындаған жағдайда, сіз өнімнің техникалық регламенттерге сәйкестігін растайтын құжаттарды талап етуге құқылысыз.
  3. Тек бағасының тиімділігіне ғана назар аудармаңыз. Арзан киім жууға шыдамауы, өңі түсіп кетуі немесе пішінін тез жоғалтуы мүмкін. Бірақ, одан да жаманы – оның құрамында денсаулығыңызға кері әсерін тигізетін зиянды химиялық заттар болуы мүмкін.
  4. Бұзушылықтар туралы хабарлау. Тиісті таңбаланбаған немесе талаптары бұзылған өнімдерді кездестірсеңіз, бұл туралы тұтынушылардың құқықтарын қорғау ұйымдарына немесе уәкілетті органдарға дереу хабарлағаныңыз жөн.

Таңбалама талаптарының сақталуы өнімнің қауіпсіздігі мен сапасының кепілі болып табылады. Балалар киімі немесе ересектерге арналған өнімдер болсын, тұтынушылар нақты ақпарат алуға құқылы. Ал бұл техникалық регламенттердің басты мақсаты – азаматтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтау.

Бұл ақпарат келесі жолы өзіңізге немесе жақындарыңызға киім таңдағанда дұрыс таңдау жасауға көмектеседі деп үміттенеміз. Материалды әлеуметтік жобаның орындаушысы – "Маңғыстау облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау қоғамы" қоғамдық бірлестігі дайындаған.

Осыған ұқсас сұрақтар бойынша 87054222739 байланыс нөміріне немесе Instagram-дағы OZPP.KZ парақшасына хабарласуға болады.

Қазақстан Тұтынушылық бақылау
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: