Алтын бағасы жаңа тарихи максимумға көтерілді. Нью-Йорктағы Comex биржасында желтоқсан айына арналған фьючерстердің бағасы сауда тарихында алғаш рет бір троя унциясы үшін 4100 АҚШ долларынан асты. Мұндай деректерді Investing порталы келтірді.
Сарапшылардың пікірінше, АҚШ пен Қытай арасындағы сауда қатынастарында қайта ушыға бастаған жағдай алтынды "қауіпсіз актив" ретінде тартымды ете түсті. Сонымен қатар күміс бағасы да айтарлықтай өсті.
Алтын бағасы АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін экспортқа 100 пайыздық баж салығын енгізетінін мәлімдегеннен кейін қайта өсе бастады. Инвесторлар АҚШ пен Қытай арасындағы сауда соғысы қайта басталуы мүмкін деп қауіптенуде.
Дәстүрлі түрде алтын тұрақсыздық кезеңінде капиталды сақтап қалудың тиімді құралы ретінде қарастырылады. 2025 жылы ол ең табысты активтердің біріне айналды.
Бұған дейін Қазақстан Ұлттық банкі жаңа монеталарды айналымға шығаратындығын жазған болатынбыз.