Кездесуге мемлекеттік органдардың, шағын және орта бизнес (ШОБ) өкілдері, Мәжіліс депутаттары, маркетплейстер және электронды сауда саласының сарапшылары қатысты.
Сарапшылар отандық e-commerce бөлшек саудаға, жұмыспен қамтуға, салық түсімдеріне, ШОБ-тың өсуі мен ауқымының артуына оң ықпал етіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар ол экономиканың драйверіне айналып, инфляцияны тежеу әсерін де беріп отыр. Қазақстандағы электронды сауданың дамуы жөніндегі зерттеу нәтижелерін Ranking.kz бас директоры Седред Асретов ұсынды.
Сурет: Ranking.kz
"Қазақстанда электронды сауда қарқынды дамып келеді. Қазір e-comm-тің бөлшек саудадағы үлесі 14%-ды құрайды. Нысаналы көрсеткіш – 2030 жылға қарай бұл үлесті 20%-ға жеткізу.
Маңыздысы: қазіргі таңда маркетплейстер инфляцияны үдетеді деген пікірлер айтылып жүр. Алайда зерттеулер мен есептеулер көрсеткендей, олар инфляцияға әсер етпейді. Керісінше, белгілі бір деңгейде дезинфляциялық ықпал етеді. Яғни маркетплейстерде тұтынушы үшін, баға мен рейтинг үшін жоғары бәсеке болғандықтан, серіктес-сатушылар логистика мен қоймалау шығындарының төмен болуы есебінен бағаларын түсіруге тырысады. Соның нәтижесінде бұл шығындар тұтынушыға жүктелмейді. Осылайша ретейлерлер бағаны сақтап қалады немесе тіпті төмендетуге ұмтылады", – деп атап өтті Асретов.
Сурет: Ranking.kz
"Цифрлық Қазақстан" Қауымдастығының өкілі де маркетплейстер инфляцияның себебі емес екеніне сенімді.
"E-comm саласындағы маркетплейстер инфляцияны үдетеді деген әңгіме қайдан шыққанын түсінбеймін. Маркетплейстер комиссия алады, бірақ ол тұрақты және офлайнда кәсіпкер шығынға қосатын сомадан төмен. Ол жерде жалға алу ақысы, жалақы, инкассация, күзет және басқа да көптеген шығындар бар. Ал e-commerce-тағы кәсіпкердің шығыны офлайндағы кәсіпкерге қарағанда әлдеқайда аз", – деді "Цифрлық Қазақстан" қауымдастығы кеңесінің төрағасы Денис Степанцев.
Ranking.kz сарапшыларының деректеріне сәйкес, 2018 жылдан бастап, яғни маркетплейстер белсенді дами бастаған кезеңнен бері ЖІӨ құрамындағы ШОБ үлесі айтарлықтай өсті. 2018 жылға дейін бұл көрсеткіш 25–26% деңгейінде болса, қазіргі таңда 40%-ға жеткен.
Ranking.kz бас директоры Седред Асретовтің айтуынша, e-comm-тің тұтынушы үшін басты артықшылығы — әртүрлі сатушылардың тауарларын бір платформада, бір интерфейс арқылы, нақты бағамен және жедел жеткізумен сатып алу мүмкіндігі.
Ал бизнес үшін маркетплейстер — нарыққа кіру шегінің төмендігі, күрделі логистикалық тізбектердің болмауы және IT-инфрақұрылымға ірі инвестиция салу қажеттілігінің жоқтығы сияқты мүмкіндіктер. Сауда платформасы бұл қажеттілікті өз мойнына алады.
Сурет: Ranking.kz
"Қызықты дерек: қатысушылардың 90%-ы — ШОБ өкілдері. Негізінде, маркетплейстер ШОБ үшін өз тауарлары мен қызметтерін сататын бір жұмыс алаңына айналды. ШОБ пен маркетплейстер бір-бірінен ажырамас бөлікке айналды. Ең маңыздысы — шағын және орта бизнестің бұл платформалардағы нәтижелері.
Зерттеу қорытындысы бойынша, маркетплейске шыққаннан кейін 12 ай ішінде салық базасы шамамен 10 есеге өседі, қызметкерлер саны 3 есеге артады, ал кәсіпкерлердің табысы 5 еседен астам көбейеді. Яғни офлайн-дүкен маркетплейстің онлайн-қатысушысына айналған жағдайда, оның негізгі көрсеткіштері 4–5 есеге ұлғаяды", — деп көрсетілген Ranking.kz зерттеуінде.
Сурет: Ranking.kz
Интернетке қолжетімділіктің кеңеюі, қашықтан төлем арналарының дамуы, логистикалық инфрақұрылымның дамуы және цифрландыруға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар e-commerce-тің жалпы, ал маркетплейстердің жекелей қарқынды өсуіне жағдай жасады.
Алайда сарапшылардың пікірінше, осы үдерістермен қатар нарық жаңа сын-қатерлерге де тап болып отыр. Атап айтқанда, шетелдік, ең алдымен қытайлық платформалар тарапынан бәсекенің күшеюі және өсімді ынталандыру мен ұлттық экономикалық мүдделерді қорғау арасындағы теңгерімді сақтау қажеттілігі өзекті мәселеге айналды.
Сурет: Ranking.kz
Ranking.kz бас директоры Седред Асретов салық аударымдарына назар аударуды ұсынды.
"Шетелдік маркетплейстерге салық тұрғысынан қарап көрейік. 2022 жылдан бастап "Google салығы" енгізілді, яғни олар ҚҚС бойынша есепке тұрады, бірақ сонымен шектеледі. Alibaba, Temu секілді IT-алыптар ҚҚС төлеуші ретінде тіркелгенімен, бизнесін жергіліктіге айналдырмайды.
Сандарға жүгінсек, 2025 жылдың қаңтар–қыркүйек айларында 86-дан астам шетелдік IT-компания шамамен 39 млрд теңге төлеген. Ал Қазақстандағы ең ірі үш маркетплейс — Kaspi.kz, Wildberries және Ozon — өткен жылы бюджетке 211 млрд теңге аударды. Неліктен мұндай айырмашылық бар деген заңды сұрақ туындайды. Негізгі себеп — қазақстандық маркетплейстер төлейтін салықтар мен өзге де міндетті төлемдердің тізімі әлдеқайда ауқымды", — деді Асретов.
2025 жылы "Ақ жол" партиясы бұл мәселе бойынша бірқатар депутаттық сауал жолдаған. Үкіметтің жауабына сәйкес, "Google салығы" енгізілген үш жыл ішінде бюджетке 24 млрд теңге түскен, ал айналым 500 млрд теңгені құраған. Нәтижесінде нақты төленген салық мөлшерлемесі бұрынғы 12% ҚҚС орнына шамамен 4,8% болған.
Сараптамалық пікірталас барысында Сауда министрлігінің өкілі 2025 жылы "Google салығынан" бюджетке 52 млрд теңге түскенін мәлімдеді.
Сурет: Ranking.kz
Мәжіліс депутаты Азат Перуашевтің пікірінше, мемлекет кемінде қазақстандық және шетелдік маркетплейстер үшін тең жағдай жасауы тиіс. Қазіргі таңда отандық платформалар алдын ала тиімсіз жағдайда жұмыс істеп отыр. Ол ұлттық бизнесті қорғау қажет екенін, бірақ тұтынушы мүддесін де естен шығармау керегін атап өтті.
Депутаттың айтуынша, "Google салығы" жеткіліксіз. Нарықтағы жағдайды өзгерту қажет. Қазақстан нарығында жұмыс істеу үшін шетелдік маркетплейстерге белгілі бір талаптар қойылуы тиіс: жергілікті өндірушілерді тарту және әлеуметтік инфрақұрылымға қатысу.
"Біз есікті айқара ашып, іс жүзінде отандық және шетелдік маркетплейстерге тең емес жағдай жасап отырмыз. Бұл экономиканың негізіне және азаматтарымыздың жағдайына кері әсер етеді. Шетелдік маркетплейстер біздің нарық қатысушылары төлеуге міндетті бірқатар төлемдер мен талаптардан жалтарады. Мен жеке өзім де, "Ақ жол" демократиялық партиясы да еркін нарықты қолдаймыз. Бірақ ол тең шарттарға негізделуі керек. Өз аумағымызда артықшылық шетелдік компанияларға берілсе, бұл еркін нарық емес. Бұл — өз нарығымыздағы кәсіпкерлерге қатысты кемсіту. Сондықтан біз әділ ережелер мен тең жағдайды қолдаймыз. Кем дегенде тең болуы тиіс. Ұлттық нарық тұрғысынан алғанда, мемлекеттік, корпоративтік және квазимемлекеттік сатып алуларда отандық өндірушілерге басымдық берілуі мүмкін. Ал тұтынушылық нарықта шешуші фактор — баға мен сапа. Мәселе — тең жүктеме. Кәсіпкерлерімізге кемінде тең жағдай жасап, содан кейін тұтынушы үшін бәсекеге түсуге мүмкіндік беру керек. Олардың бәсекелестерінде тиімді жағдай болса, олар демпингке бара алады. Бағаны төмендетіп, анағұрлым қолайлы шарттар ұсынады. Мұндай жағдайда отандық кәсіпкерлер айқын түрде тиімсіз ахуалға тап болады. Бұл — еркін нарық емес, мүлде басқа нәрсе", — деді Азат Перуашев.
Ranking.kz бас директоры Седред Асретов шетелдік маркетплейстер мәселесі бүгінде тек Қазақстан үшін ғана маңызды емес екенін атап өтті.
"Тәуекелдер баршаға түсінікті деп ойлаймын. Ел үшін бұл — салық базасының сыртқа кетуі, ал нақты қазақстандық үшін — киберқауіпсіздік мәселесі. Контрафактілік өнімдердің көптігі, тіпті зиянды тауарлардың болуы да ықтимал. Қолдау қызметіндегі шексіз хат алмасу, кейде түсініксіз тілде жауап алу — мұның бәрі қосымша кедергілер тудырады.
Бұл тек Қазақстанның проблемасы емес. Еуроодақ елдерінде, АҚШ-та, Сингапурда, Жапонияда да өзекті мәселе. Көп жағдайда назар Temu-ге ауды, себебі олар нарықты агрессивті түрде игеріп жатыр деп есептеледі. Сондықтан реттеушілер оларға ерекше көңіл бөледі: кей жерде қызметін толық шектейді, демпингке және әділетсіз бәсекеге жол бермеу үшін тосқауыл қояды, ал кей жерде бизнесті жергілікті ретінде тіркелмегені үшін шектеу енгізеді.
Қазақстанда ШОБ пен маркетплейстер бір-бірінің ажырамас бөлікке айналды. Елдегі шамамен 4,5 миллион адам ШОБ секторында жұмыспен қамтылғанын ескерсек, оларды қолдау аса маңызды", — деп түйіндеді Асретов.
Зерттеу қорытындысында сарапшылар Қазақстандағы e-commerce нарығы белсенді өсіп, ШОБ үшін жаңа мүмкіндіктер ашып, бәсекені күшейтіп отырғанын атап өтті. Алайда нарықты теңгеру және кәсіпкерлер мен тұтынушыларды қорғау үшін тиімді реттеуші әрі қорғаныс сипатындағы мемлекеттік шаралар қажет.