Қазақстандағы несиелеудің жаңа ережелері ел азаматтарына қаншалықты тиімді

Фото: Zakon.kz/Павел Михеев
Қазақстанда несие беру талаптары қайта қаралып жатыр. Енді әр азамат үшін қарыздың жалпы сомасына жеке лимит белгіленуі мүмкін. Ұлттық банк ресми табысқа қарай есептелетін жиынтық қарыз коэффициентін енгізбек. Бұл несие алушыларға қалай әсер ететіні туралы Zakon.kz тілшісі саралап көрді.

Ұлттық банк қарыз алушының жалпы берешегіне шектеу қоюды жоспарлап отыр. Егер жаңа ереже қабылданса, әрбір қазақстандық өзінің бір жылдық табысынан сегіз есе көп сомада ғана несие рәсімдей алады. Осылайша қаржы реттеушісі несие беру тәуекелдерін азайтып, төлем қабілеті төмен азаматтарды іріктеуді көздеп отыр.

"Қарыздың табысқа қатынасы коэффициенті (ҚТҚ) қарыз алушының өз міндеттемелерін уақытында орындай алу мүмкіндігін бағалауға мүмкіндік береді. Бұл көрсеткіш қарыз көлемінің азаматтың жылдық табысына шаққандағы мөлшерін көрсетеді. Егер коэффициент жоғары болса, бұл қарыз жүктемесінің ауыр екенін және төлем қабілетсіздігі қаупінің артқанын білдіреді. ҚТҚ енгізу банктердің жауапты несие саясатын жүргізуіне, халықтың шамадан тыс қарыздануын азайтуға, қаржы жүйесінің тұрақтылығын нығайтуға және несиелеу құрылымын теңгерімді етуге бағытталған". ҚР Ұлттық банкі баспасөз қызметі

Қазіргі қолданыстағы қарыз жүктемесі коэффициенті (ҚЖК) сияқты, жаңа ҚТҚ да несие беру туралы шешім қабылданғанға дейін есептеледі. Есептеу кезінде ипотека, автонесие, тұтынушылық несие, микрокредиттер және бөліп төлеу қарыздары да ескеріледі.

Лимит тек ресми табыс негізінде есептеледі. Сондықтан өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтар немесе еңбекақысын қолма-қол алатын адамдар несие мақұлдауынан айырылуы мүмкін.

Мысал келтіре кетсек, алматылық Айжан екі кішкентай баланы жалғыз тәрбиелеп отыр. Ол медициналық орталықта дәрігер болып жұмыс істейді. Ай сайын картаға 300 мың теңге жалақы алады. Бірақ қосымша науқастарды қабылдағаны үшін берілетін ақшаны қолма-қол алады.

Айжан ипотека төлейді және ара-тұра тұтынушылық несие рәсімдеп тұрады. Жаңа лимит туралы естіген соң, болашақта банктер несие бермей қоя ма деп алаңдай бастаған.

"Мен жеңілдетілген бағдарламамен алынған ипотека үшін ай сайын 150 мың теңге төлеймін. Коммуналдық қызметтерге – 20 мың, интернет пен теледидарға – 10 мың теңге кетеді. Азық-түлікке 100 мың, жол ақысына 20 мың жұмсаймын. Негізгі жалақым осымен бітеді. Ал қосымша қабылдаулардан шамамен 100 мың теңгені қолма-қол аламын. Оның көлемі әр ай сайын әртүрлі болады, бәрі науқастар санына байланысты. Бірақ сонда да несиесіз болмайды. Үнемі күтпеген шығындар шығып тұрады. Мысалы, балалар ауырып қалса, дәрі-дәрмекке ақшаны несиеге аламын да, кейін бөліп қайтарамын. Егер ипотека мен басқа қарыздарды есептеп, енді тұтынушылық несие мақұлданбайтын болса, өмір сүру қиындайды", – дейді Айжан.

Сарапшылардың айтуынша, қарыздың табысқа қатынасы коэффициенті – екіжақты әсері бар маңызды шешім.

Қаржы сарапшысы Расул Рысмамбетов бұл туралы былай деді:

"Біріншіден, бұл банк клиентінің қарыз жүктемесін азайтады. Екіншіден, біздің елде экономиканың шамамен 30 пайызы көлеңкеде деп есептеледі. Оның ішінде халықтың бейресми табыстары да бар. Меніңше, бұл шешімнің жанама немесе тіпті басты әсерлерінің бірі – адамдар несие алу үшін ресми табыс көрсетуге мүдделі болады. Ал теріс жағына келсек, егер азаматтар табысын заңдастырып, ресмилендіргісі келмесе және банктен несие ала алмаса, онда көлеңкелі қарыз берушілер көбейіп кетуі мүмкін. Қазірдің өзінде мұндай құрылымдар аз емес. Дегенмен жалпы алғанда, бұл өте қисынды шешім. Өйткені бәрі бірдей көлеңкелі экономикада жүрген жоқ. Сонымен қатар мемлекет несие беруден бас тарту статистикасы арқылы кедейлік шегінде жүрген адамдардың нақты санын тезірек анықтай алады. Ал бұл әлеуметтік және еңбек саясатына өзгерістер енгізуді қажет етеді".

Кейбір экономистер қарыз лимитін сегіз жылдық табыс көлемінде белгілеу тым жоғары деп есептейді. Себебі Қазақстанда қазірдің өзінде ереже бар: азаматтың барлық несиелері бойынша ай сайынғы төлемдері жалақысының 50 пайызынан аспауы тиіс. Яғни іс жүзінде қазақстандықтар ең көбі төрт жылдық ресми табысы көлемінде ғана несие ала алады.

Сонымен қатар Ұлттық банк несие түрлеріне қарай қарыз жүктемесі коэффициентінің шекті мөлшерін жеке-жеке белгілеу құқығын өзінде қалдырады. Сондай-ақ қаржылық тұрақтылық тәуекелдері мен несиенің қолжетімділігі арасындағы тепе-теңдікті ескере отырып, ҚТҚ-ның жалпы деңгейін өзгерте алады.

Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Арапа күні не істеу керек: оқылатын дұғалар мен жасалатын амалдар

Құрбан айт-2026: Қазақстанда мал бағасы өсіп барады

Құрбан айт-2026: мереке қарсаңында қой бағасы қанша?

Қазақстан Кенияға ЖИ және цифрландыру саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруды ұсынды

Қазақстанда ауқымды полицейлік іс-шаралар жүргізілуде: алғашқы күндердің нәтижесі белгілі болды