Елімізде азық-түлік бағасы 20 пайызға қымбаттаған

Елде инфляция өсіп, көрсеткіш рекордтық деңгейге жетті. Ұлттық статистика бюросы бір жылдың ішінде азық-түлік бағасының өзі 17,9 пайызға қымбаттағанын айтады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Almaty.tv таратқан ақпаратына сай, сәуір айының өзінде тамақтан бөлек, қызмет түрлері мен тауар құны да шарықтаған.

Көпшілік тұтынатын тауарлар мен коммуналдық қызметтердің бағасы жалақы, зейнетақы және төменгі күнкөріс деңгейімен қатар өсіп жатыр.

Бұл ретте айта кету керек, елдегі 1 миллион азаматтың табысы ең аз деген көрсеткіштен де төмен. Бұл соңғы онжылдықтағы антирекорд.

Жалпы, бағаның бақылаудан шығып кетуіне не себеп? Біріншіден, ресми жарияланған ақпарда елдегі орташа жалақы 272 968 теңге деп көрсеткен. Демек, жан басына шаққандағы табыс тұрақты өскендіктен, соған сәйкес, есептер жүргізіліп, баға тағайындалады. Ал сарапшылар мұндай ауытқудан алыстау үшін есептеу жүйесін өзгертуді ұсынып отыр.

«Жағдайымыз жақсы, 270 мың алады деп жалпылама айтудың қажеті жоқ. Менің ұсынысым – орташа жалақыны салалар бойынша және аудан, қала деңгейінде шығару. Яғни, бүкіл қызметкердің ең ортасындағы адамның деңгейіне қарайды да, жалақысын есептейді. Қазақстанда 170 мың теңге көлемінде», – деді әлеуметтанушы, Экономика институтының ғылыми қызметкері Айсұлу Молдабекова.

Сәуірдің өзінде Қазақстандағы жылдық инфляция 13,2 пайызды көрсетті. Бұл бір ғана айда 2 процентке өсім болды деген сөз. Осыған сәйкес, енді халық тұтынатын заттар, әсіресе, азық-түлік 17,9, ал азық-түлік емес тауарлар 11,1 пайызға өскен. Ақылы қызметтер де 8,9 пайызға көтерілген. Бұл шығынға коммуналдық төлемдер мен әр азаматтың жеке шығысын тағы қосыңыз. Статистикаға сүйенсек, халық табысының 60 пайызға жуығын тек азық-түлікке жұмсап отыр. Әсіресе, оңтүстік пен батыс өңірлерде жағдай күрделі, айлық шайлықтан аспайды-мыс. Мәселен, Еуропа халқы 20-25 пайызды ғана ішіп-жемге жұмсайды.

«Азаматтарымыз азық-түлікке ғана жұмсап жатса, онда қалай біз экономиканы дамытамыз? Азаматтарымыз қалай өзінің бала-шағасын оқыта алады? + Бұл өте үлкен мәселе. Егер 50 пайыздан асып кетсе, мемлекет кедешілік шегінде деген қағида бар. Бұл Энгельс заңы деген қағида бар. Экономикада халықтың табысы неғұрлым төмендеген сайын, соғұрлым азық-түлік шығындары артады дейді», – деді кономист Мақсат Халық.

Өңірлік тұрғыда ең көп кірістер Атырау облысында тіркелді. 2022 жылдың бірінші тоқсанында жан басына шаққанда 477 920 теңге. Екінші орында 416 мың теңге көрсеткішпен Маңғыстау облысы тұр. Үздік үштікті Нұр-Сұлтан қаласы қорытындылады – бұл 366 мың теңге. Ал ең төменгі шек Шымкент пен Жамбыл облысында тіркелді. Мұнда бір тоқсанда жан басына шаққанда кіріс көлемі 219 мың теңгеден әрі аспайды.

Соңғы 5 жылда ел азаматтарының кірісі еңбек табысындағы үлесте 80 проценттен 67-ге дейін қысқарған. Ал мемлекет басшысы ақпан айында халықтың табысын арттыру бойынша арнайы бағдарлама әзірлеуді тапсырған еді. Қорытынды осыдан шығады, әркім қалта шығынына өзі жауапты десек те, ел үкіметке елеңдеп отыр.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: