Маңғыстау олысында еліміздегі мұнайдың төрттен бірі өндіріледі.
Мұнай-газ саласымен қатар облыста экономиканың өңдеу өнеркәсібін дамытуға мол мүмкіндік бар. Қазір мемлекет алдында тұрған негізгі міндеттің бірі – ұлттық экономиканы іс-жүзінде әртараптандыру.
Сондай-ақ, терең өңделген дайын өнім шығаратын өндіріс орындарын ашу қажет, деді президент.
Мен бұл туралы Үкімет жиындарында, өңірлерге барған кезде үнемі айтып жүрмін. Барлық әкімдер осы мәселеге баса назар аударуға тиіс. Бұл – Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған маңызды міндет. Облыста соңғы бес жыл бойы бірқатар ірі өндіріс орындары тоқтап тұр. Бұл жағдай жұмыссыз қалған азаматтар арасында наразылық туғызғанын жақсы түсінемін. Үкімет осы өндірістерді жандандыру үшін тиімді шараларды шұғыл түрде қабылдауға тиіс. Қажет болса, жаңа өнім шығару үшін нарықтың сұранысына сай бейімдеу жолдарын қарастыру керек. Қазақстан Президенті
Сонымен бірге, президенттің сөзінше бәсекеге қабілетті жаңа кәсіпорындар ашқан жөн. Ал 2023-2026 жылдары 29 жобаны жүзеге асыруды жоспарға қойдық. Соның нәтижесінде 3 мың тұрақты жұмыс орны ашылады. Үкіметке және әкімдікке барлық жобалардың уақытылы аяқталуын қамтамасыз етуді тапсырамын, деді президент.
Облыста кәсіпкерлікті дамыту үшін де зор мүмкіндіктер бар. Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің ішкі өңірлік өнімдегі үлесі 32 пайызға жетті. Осы салада 140 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған. Өңдеу өнеркәсібі, туризм, сауда, сондай-ақ білім беру және медицина саласында кәсіпкерлер саны артып келе жатқаны қуантады. Яғни, облыс экономикасы әртараптана бастады деуге болады. Аймақтағы шағын және орта бизнесті дамытуға «Мен – кәсіпкермін» жобасы тың серпін берері анық. Президент
Сондай-ақ, «Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы аясында осы аймақтың шағын және орта бизнес өкілдеріне көмек көрсетілуге тиіс. Жалпы, әкімдік Үкіметтің қолдауымен бизнесті ынталандыратын жаңа шаралар әзірлеуі керек, деп ойын айтты мемлекет басшысы.