Семейлік оқушы ауадан су жинайтын құрылғы ойлап тапты

Семейлік дарынды оқушы Тоғжан Ниязбек ауадан конденсация әдісімен су жинайтын құрылғы жасап шығарды. Жас өнертапқыштың сөзінше, бұл аппарат елді мекендердегі ауыз су мәселесінің тиімді шешімі болмақ.

Оқушы қыздың осы бір жобасы республика деңгейінде ұйымдастырылған «Eco Network» экобайқауында топ жарды.

«Eco Network» ұйымы ұйымдастырған республикалық экобайқауға Алматы, Астана, Қостанай, Семей жән Ақтау қалаларынан 45 жоба келіп түскен. Олардың арасынан іріктеліп алынған 12 бастама сайыстың келесі кезеңіне жолдама алды. Бұл тұста мектеп оқушылары, университет пен колледж студенттері ұсынған жобалардың ішінде қалдықтарды қайта пайдалану және баламалы энергия көзіне көшу бойынша бастамалар мен ауқымды ауыз су және жылу сияқты мәселелерді шешуге бағытталғандары да болды.

Ересектерге қарағанда балалардың экология мәселелеріне қызығушылығын ояту әлдеқайда оңай екені белгілі. Мәселен, 10 ересектің ішінен тек біреуі ғана осы проблемаға көңіл аударса, 10 баланың жартысына жуығы әрі қарай бұған қызығып кетеді. Бұл - статистикаға негілделген дерек. Сондықтан да бұл жолы біз байқауды балалар мен жасөспірімдер арасында өткізуді жөн көрдік. Бірнеше апта ішінде ұйымдастырушылар ең тартымды, ең тиімді деген 12 жобаны іріктеп алды. Олардың арасында жемістерді баламалы энергия көмегімен кептіру аппараты сынды технологиялық жобалар да, экосөмке, қайта өңделген қағаздан дайындалған қойын дәптерлер секілді маркентингтік ұсыныстар да бар. «Eco Network» платформасының негізін қалаушысы және қазылар алқасының төрағасы Евгений Мухамеджанов.

Ең бастысы, байқаудың жеңімпаздары ақшалай сыйлықпен шектеліп қана қоймай, алдағы уақытта тәлімгерлердің қолдауына жүгіне алады, деп қосты ол.

Байқау нәтижелері бойынша қазылар алқасының шешімімен семейлік оқушының өнертабысы үздік атанды. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Тоғжан Ниязбек конденсация әдісімен ауадан су жинау құрылғысын ойлап тапқан. Бүгінде оның жобасына жергілікті әкімдік те қызығушылық білдіріпті. Жас өнертапқыш әрі қарай жұмысын жалғастыру үшін 300 000 теңге көлемінде қаржылай сыйлыққа ие болды.

Осындай мұнараларды орнату арқылы біз елді мекендердегі ауыз су мәселесін шеше аламыз. Ең бастысы құрылғы толығымен денсаулыққа зияны жоқ экологиялық материалдардан жасалған. Қазір мұнараның прототипі Семейдегі мектебімізде тұр. Әрбір адам оның көмегімен ауадан су жинау расымен мүмкін құбылыс екенін өз көзімен көре алады, - дейді оқушы.

Сонымен қатар екінші орынды еншілеген «Reveco» жобасының авторлары 150 000 теңге еншілесе, үшінші орынға табан тіреген «Гелиокептіргіш» жобасының құрастырушылары 100 000 теңгеге ие болды.

Айта кетсек, бүгінде 100-ден аса ұйым - ECO Network қозғалысының мүшесі. Оның ішінде Jusan Bank балалар арасында өтіп жатқан эко-байқауға демеушілік етіп қана қоймай, экологиялық бастамаларға білек сыбана қатысуда.

Мұндай экологиялық жобалардың, әсіресе, балалар арасында маңыздылығы жоғары. Себебі балалар – біздің болашағымыз, олар өсе келе қоғамды өзгертетін қабілетке ие. Міне, сондықтан біз осы байқауды қолдап отырмыз. Банк өз тарапынан жобалардың демеушісі ғана емес, экологиялық қозғалыстың белсенді қатысушысы. Бұл ретте біз кеңселерде енгізген қоқысты сұрыптау жүйесін атап өткім келеді. Осылайша банк өз қызметкерлерін де табиғатқа жанашырлықпен қарауға баулиды. Одан бөлек Jusan биыл көміртек ізін есептеп шығарды. Өз кезегінде біз серіктестеріміздің бұл бағытқа бет бұруын қолдауға әрқашан дайынбыз. Jusan Bank-тің PR директоры Гаухар Керімова.

Шара барысында сонымен қатар экологиялық тақырыпқа арналған түрлі шеберлік сағаттары мен байқау демеушілері ұсынған сыйлықтардың ұтыс ойыны өткізілді.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: