Төтенше жағдайлар министрлігінің мәлімдеуінше, 8-9 маусымда Юрий Ильин жұмыс сапарымен Солтүстік Қазақстан облысында болған.
"Жұмыс сапарының бірінші күні облыс орталығының маңында салынып жатқан Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру қызметінің жедел-құтқару жасағы кешенін, Петропавлдағы Береке ауданындағы өрт сөндіру депосы кешенінің құрылыс алаңын аралады. Екінші күні облыс тұрғындарымен кездесті". Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі
Сонымен қатар экс-министр азаматтарды жеке қабылдаған.
"Юрий Ильин Абай облысындағы өртке және өртті сөндіруге тартылған күштер мен құралдарды үйлестіру қажеттілігіне байланысты Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарын тоқтатты. Министр ТЖМ Дағдарыс жағдайында басқару орталығындағы штабты жеке өзі басқарады".Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі
Бұл ретте Ильиннің халықпен кездескеннен кейін брифинг өткізіп, Абай облысындағы өрт жөнінде сұрақтарға жауап беріп тұрған сәті бейнежазбада көрсетілген.
Ведомство бұл халықпен кездесу Мемлекет басшысының "Орталық атқарушы органдар басшыларының халықпен кездесулерін өткізу туралы" жарлығына сәйкес өткізіліп, бекітілген кестеге сәйкес алдын ала хабарланатынын баса айтты.
Айта кетерлігі, жиынға 200-ге жуық адам қатысса, 150 адам онлайн-трансляция арқылы қосылған. Сонымен қатар жеке құраммен кездесу өткізіліп, оған азаматтық қорғау органдарының 180 қызметкері қатысты.
Ведомствоның юаспасөз қызметі халықпен кездесу туралы ақпарат Төтенше жағдайлар министрлігі мен Төтенше жағдайлар департаментінің сайтында және жалпыға қолжетімді парақшаларында алдын ала хабарланғанын ескертті.
2023 жылғы 8 маусымда Абай облысының "Семей орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында орман өртеніп жатқаны хабарланды. Алапат өрт салдарынан 15 адам қаза тапты. Олар қайтыс болғаннан кейін ордендермен марапатталды.
10 маусымда Юрий Ильин Төтенше жағдайлар министрі қызметінен босатылды. Оның орнына Сырым Шәріпханов тағайындалды.