Шенеуніктер Тараздың айналасында "жасыл белдеу" құруға тосқауыл қойды

Тараз қаласының төңірегінде "жасыл белдеу" құруды көздеген көшеттердің 80 пайыздан астамы жергілікті басшылардың салғырттығынан жарамсыз болып қалды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жамбыл облысының прокуратурасы берген мәліметке сай, арнайы құрылған Табиғатты қорғау прокуратурасы жасыл желектерді сақтау және ағаштарды заңсыз кесуден келтірілген залалды өтеу мәселелерін зерделеді.

Талдау нәтижесінде жасыл желектердің санының, сапасының және жай-күйінің тиісті есебін жүргізу бөлігінде заң бұзушылықтар анықталды.

Заң талаптарын бұза отырып, облыс орталығында тек соңғы 2 жылда кесілген көшеттердің орнына 10 мыңнан астам көшет отырғызу қамтамасыз етілмегені анықталды.

Атап айтқанда ағаштарды арнайы рұқсатсыз кесу фактілері бойынша елу еселенген мөлшерде 4 мыңнан астам көшет отырғызу қамтамасыз етілмеген.

Күтімнің болмауы нәтижесінде қаланың "жасыл белдеуін" құруға арналған 10 га аумақтағы көшеттердің 80%-дан астамы жарамсыз болып қалды.

Қала құрылысы заңнамасын бұза отырып, жаңадан салынған көпқабатты үйлердің маңындағы іргелес аумақтардың 70 пайызын көгалдандыру бойынша іс-шаралар жоспарланбаған.

Облыс орталығы тұрғындарының көп шағымдарына қарамастан, тұрғындардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін апатты ағаштарға қатысты жұмыстар тиісті деңгейде жүргізілмей келеді.

Анықталған бұзушылықтар бойынша облыс әкімдігіне уәкілетті органдардың бақылау тиімділігін арттыру, жасыл желектер тізілімін қалыптастыру, дендрологиялық жоспарды бекіту және осы саладағы заңдылықты қамтамасыз ету туралы қадағалау актісі енгізілді.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: