Полиция департаментінің жеке құрамы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
"Жалпы қаладағы тәртіпті 2,5 мыңға жуық полиция қызметкері қамтамасыз етті, оның ішінде қаламыздағы жол қауіпсіздігін 70 патрулді полиция экипаждары қамтамасыз етті. Сондай-ақ тергеу-жедел топтарының жұмысы күшейтілді. Қаладағы жедел жағдайдың асқынуына жол берілмеді. Жедел басқару орталығының "102" қызметі штатты режимде жұмыс істейді: қоңыраулар саны көбейген жоқ". Алматы полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров
Спикердің мәліметінше, азаматтардың мүлкінің сақталуын қамтамасыз ету және қылмыстардың алдын алу бойынша профилактикалық іс-шаралар жүргізілді, соның нәтижесінде тонау және ұрлық деректері тіркелмеді.
"Түнде қоғамда және әлеуметтік желілерде негізсіз дүрбелең мен үрей тудырған жалған ақпарат тарады. Бүгінде Алматы ПД-нің жедел қызметкерлері жалған ақпараттардың авторларын анықтап, жауапкершілікке тарту жұмыстарын жүргізуде. Біз азаматтарды ақпараттық мәдениетті сақтауға шақырамыз және тек ресми ақпарат көздерінен алынған мәліметке сенуге кеңес береміз". Арыстанғани Заппаров