Айта кетейік, бір күн бұрын, 12 наурызда Қазақстанның Бас прокуратурасы бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іске қатысты материалдардың БАҚ-та жарияланып жатқанын, сотқа дейінгі тергеу нәтижелеріне күмән келтіретінін хабарлаған болатын. Қазақстандықтарға жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екендігі ескертілді.
Журналистер Әсет Чиндалиевтен Бас прокуратураның мәлімдемесіне түсініктеме беруін сұрады.
"Өтініш – бұл тараптардың құқығы. Содан кейін сотта тиісті шешім қабылданады. Өтініш жалған ақпарат болмас үшін беріледі. Себебі кейбір жалған ақпараттар болуы мүмкін. Бұл үлкен қоғамдық резонанс тудыратын мәселе екенін түсінесіз. Ал абайсызда айтылған кез келген сөз қандай да бір салдарға әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай фактілер болмасын деп мен де сіздерден өтінем. Бұл мұндай фактілер бар дегенді білдірмейді. Журналистер сот барысында не болып жатқанын, ол жерде болған шындықты жаза алады", - деп түсіндірді Бас прокурордың орынбасары.
11 наурызда бірінші сот отырысы өтіп, онда мемлекеттік айыптаушы іс бойынша тергеу нұсқасын жариялады. Айыптау қорытындысына сәйкес, кісі өлтіру болған күні (2023 жылдың 8 қарашасы) Қуандық Бишімбаев пен Салтанат Нүкенова елордадағы концерттердің бірінде болған.Олардың арасында жанжал туындады. Осыған қарамастан олар бірге мейрамханаға барған, ол жерде жанжал жалғасқан. Соңында бәрі Салтанат Нүкенованы ұрып-соғып өлтіруімен аяқталды.
Бишімбаевтың ісі бойынша басты сот отырысы 27 наурызға белгіленген. Істі алқабилер алқасы қарайды.