Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң: қазақстандықтар жаппай ата-ана құқығынан айырыла бастайды ма

Сенат депутаттары әйелдер құқығын қорғау және балалардың қауіпсіздігі туралы заңға енгізілген жаңа өзгерістерге сәйкес қазақстандықтар жаппай ата-ана құқығынан айырыла бастайтынына алаңдаулы. Ішкі істер министрлігі басшысының орынбасары Игорь Лепеха сенаторлардың сауалына жауап берді.

Депутат Дархан Қыдырәлінің айтуынша, "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Кодекстің нормалары бойынша баланың, жұбайының немесе отбасы мүшелерінің өміріне немесе денсаулығына қасақана қылмыстық құқық бұзушылық жасалған жағдайда ата-ана құқықтарынан айырылады.

"Денсаулыққа жеңіл зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік енді заңмен қалпына келтірілуде. Бұл ата-ана құқығынан автоматты түрде айыруға әкеп соғады ма?" – деп сұрады депутат.

Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха бұл жағдайда сот барлық мән-жайлардың жиынтығын қарастырып жатқанын атап өтті.

"Егер бастама болса, бұл мәселені алдымен кәмелетке толмағандардың құқығын қорғау комиссиясы қарайды.Содан кейін сот барлық мән-жайлардың жиынтығын, ең алдымен, ата-ананың жеке басын қарастырады. Сондықтан бұл ата-ана құқығынан айырылғандар санының көбеюіне немесе азаюына ешқандай әсер етпейді деп ойлаймын", - деп жауап берді Игорь Лепеха.

Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сондай-ақ қолданыстағы "Неке және отбасы туралы" заңда ата-ана құқығынан, оның ішінде қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін де айыру нормасы қарастырылғанын айтты.

"Біз ата-ана құқығынан жаппай айыруды көріп тұрған жоқпыз, бұл біздің тарихымызда болған емес. Тиісінше, ешқандай себеп жоқ. Бұл менің жеке пікірім, бұл заң алдағы уақытта ата-ана құқығынан жаппай айыруға әкелмейді деп ойлаймын. Заң ата-ана құқығынан айыруға бағытталған емес, ол әйелдерді қорғауға және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған", - деп түсіндірді Мәулен Әшімбаев.

Бұған дейін сенат депутаттары әйелдер құқығын қорғау және балалардың қауіпсіздігі туралы заңды екі оқылымда мақұлдаған болатын.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: