Павлодар облысында терісі қымбат екі мыңнан астам аңды атуға рұқсат берілді

Павлодар облысында терісі қымбат екі мыңнан астам аңды атуға рұқсат берілді. Жалпы өңірде аң аулауға 33 мыңнан астам рұқсат қағазы ұсынылды, деп хабарлайды Zakon.kz pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы Павлодар облысы жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстары басқармасы жануарлар дүниесі бөлімінің басшысы Жасұлан Жұмашев мәлім етті.

"Атап айтқанда, өңірде  111 тұяқты аңды, 31 мыңнан астам құсты және 2 117 терісі қымбат аңды атуға рұқсат берілді. Сонымен қатар осы жылы барлық резервтік аңшылық алқабының төлқұжаттары дайындалды. Енді қыркүйек айының басында жалға беру конкурстарын бастаймыз", - деді бөлім басшысы.

Айта кетерлігі, конкурсқа қатысушыларға тек екі құжат керек болады: банкте қарызы және салық бойынша берешегі жоқ екені жайлы анықтама. Бірақ бұрын аңшылық алқаптары болса, инспекциядан арнайы анықтама қағазын алып келуі керек.

"Бүгінгі таңда әрбір адамның конкурсқа қатысуға мүмкіндіктері бар. Ол арнайы мемлекеттік тізілім бағдарламасы арқылы жүргізіледі. Осы жолы жеті аң алау алқабын  байқауға қоямыз. Бұл ретте, әрбір аң аулау алқабының орташа бастапқы бағасы 300 мыңнан басталады", – деді Жасұлан Жұмашев. 

Тамыздың 31-інен бастап 2025 жылдың 15 ақпанына дейін облыс аумағында күзгі-қысқы аңшылық маусымы ашылады. 

Бұл ретте, жолдамаларды сатуды аңшы пайдаланушылар жүргізеді, маусымдық жолдаманың орташа құны 14 мың теңгеден басталады.

Жануарларды заңсыз аулағаны немесе аңшылық ережесінің талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Құстар мен жүнді жануарлардың бір данасы үшін залал – бес АЕК, тұяқты жануарларға 7,5-тен 750 АЕК-ке дейін құрайды.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: