Іс-шара Түркістан облысының прокуратурасы мен облыстық полиция департаментінің бірлескен бастамасымен, облыс әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
Ауқымды шараға ҚР ІІМ-нің орынбасары Айдар Сайтбеков арнайы келді. Сондай-ақ шараға Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тлеубердиев, Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденов және басқа да мемлекеттік мекемелердің басшылары мен бұрын сотты болған азаматтар, тұрғындар қатысты.
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жиын барысында спикер ретінде келген елге белгілі азаматтар өте қажетті мағлұматтарды баяндап, профилактикалық сұқбат жүргізіп, өмірлік тәжірибемен ұштасқан үлгі-өнегелерімен бөлісті. Салауатты өмір салтын ұстануға, жаманнан жиренуге шақырды. Қоғамдағы өзекті мәселе болып тұрған есірткіге қатысты қылмыстардың алдын алу, нашақорлыққа тосқауыл қою бағытында өз ойларын білдіріп, көпшілікпен пікір алмасты. Олардың қатарында ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Бақытжан Амирханов, ҚР Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров, ҚР психиатр-наркологы Нәби Есімов пен қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазы болды. Форумды актер Әділ Ахметов жүргізсе, әнші Қуандық Рахым өнер көрсетті.
Сурет: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Форумның шымылдығы жастардың синтетикалық есірткіні қолдануы, жалпы оның кез келген адам үшін тигізетін кері әсері, есірткі түрлерін сату, егу, тасымалдау үшін қылмыстық жауаптылық бар екені және тағы басқа түрлі жағдайларды мысал еткен театрландырылған қойылыммен түрілді. Сонымен қатар есірткі қылмысына қарсы атқарылған жұмыстар мен қабылданып жатқан шаралар туралы бейнеролик көрсетілді.
Іс-шарада сөз алған құрметті қонақтар қоғам назарын "ғасыр дерті", яғни есірткіге, нашақорлыққа қарсы иммунитетті қалыптастыруға аударып, форумның маңыздылығын атап өтті.
Жиын соңында "Нашақорлыққа жол жоқ, біз өмірді таңдаймыз!" ұранымен тиісті құрылымдар алдағы уақытта бірлесіп жұмыс істеуге уағдаласты. Алдын алу үшін ұсыныстар білдіріліп, нақты тапсырмалар жүктелді.