Алматы қыс маусымына дайын: коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеп тұр

Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алдағы күндері болжанған жауын-шашын мен көктайғаққа байланысты Алматы қаласының коммуналдық қызметтері күшейтілген режиміне ауыстырылды. Қалалық инфрақұрылымның қауіпсіз әрі үздіксіз қызметін қамтамасыз ету үшін арнайы мекемелер тәулік бойы кезекшілікке қойылды.

Бұл туралы Алматы қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы хабарлады.

"Қазгидромет" РМК дерегінше, 4 қараша күні сағат 3:00-тен 20:00-ге дейін жалпы 5-6 мм көлемінде жаңбыр жауады. Ауа температурасы түнде және күндіз +5…+7 °С, дейін төмендейді. 5 қарашада – ауыспалы бұлтты, кей жерлерде жаңбыр мен қар түріндегі жауын-шашын (қалыңдығы 10 мм-ге дейін), көктайғақ болады. Ауа температурасы түнде -3…-5 °С, күндіз +1…+3 °С шамасында.

"Алматы Тазалық" кәсіпорындарының базаларында жүргізушілер, механизаторлар мен жұмысшылар тәулік бойы кезекшілік атқарады. Қар түспей тұрып, магистральдық көшелерге алдын ала сұйық реагенттер себіледі. Қазіргі таңда қала аумағында 204 құм шашқыш техника дайын тұр.

Жалпы, тәулік бойғы жұмысқа 580 арнайы техника мен 2500-ден астам жұмысшы жұмылдырылған. Аула ішіндегі аумақтарды тазалауға 307 техника және 1500 жұмысшы, ал саябақтар мен скверлерді күтіп ұстауға 550 техника мен 1900 қызметкер қатысады. Қаланың көше-жол желісін бақылау және көктайғақты дер кезінде жою үшін 75 патрульдік бригада кезекшілік етеді.

Сонымен қатар, Алматы қаласының Құтқару қызметі де күшейтілген режимде жұмыс істеп тұр. Қызмет құрамында 1 ассенизатор көлігі, 15 мотопомпа және 50 құтқарушы бар.

Аудан әкімдіктерінде коммуналдық жұмыстардың барысын бақылау және қызметтердің өзара іс-қимылын үйлестіру мақсатында тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылған.

Қар тазалау кезеңінде жол бойына немесе жиегіне қойылған көліктерді уақытша көшіру үшін 63 эвакуатор мен манипулятор (Полиция департаментінен – 13, Құтқару қызметінен – 20, "Алматы паркингтен" – 30) жұмылдырылады.

Тұрғындарға арналған ескертпелер

Жүргізушілік тәжірибесі аз азаматтарға жеке көлікті уақытша пайдаланбауға және қоғамдық көлікке басымдық беруге кеңес береміз. Сонымен бірге көлікті қысқы дөңгелекке уақытылы ауыстырмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік қарастырылатынын еске саламыз. Алматы қалалық коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы

Жүргіншілерге тротуарлар мен жүргіншілер өткелдерінде абай болу, табаны таймайтын аяқ киім кию, еңіс, өр және баспалдақта сақтық таныту қажет. Қауіпсіздік сақтаңыз.

Алматы
Қазақстан

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысындағы қайғылы жағдайға қатысты көңіл айтты

Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады

Түркістан облысында болған өрттен 12 адам қаза тапты

Елордалық фельдшер, марқұм Ұлдана Мырзуан "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды

Ақмарал Әлназарова қызмет бабында қаза тапқан Ұлдана Мырзуанның отбасына көңіл айтты