Әлеуметтік желілерде жол жиегінде өртеніп жатқан көліктің видеосы тарады. Ақпаратқа сәйкес, Toyota Camry мен Lada Largus көліктері соқтығысқан, нәтижесінде Lada Largus өртенген.
"Lada Largus – "Қазпошта" АҚ Қарқаралы бөлімшесіне тиесілі, инкассация қызметін атқарған көлік. Өкінішке қарай, Lada Largus жүргізушісі, Қарқаралы қаласының тұрғыны Нариман Нығметжанов оқиға орнында қаза тапты. Оның әріптесі көптеген жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Инкассатор көлігінде 3 млн теңгеден астам қаражат болған, ол көлікпен бірге жанып кетті. Қарама-қарсы жолаққа шыққан жүргізуші – Қарағайлы кентінің тұрғыны, оқиға кезінде мас күйінде болған және бір жыл бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған", – делінген хабарламада.
Қарағанды облыстық полиция департаменті апаттың 2 желтоқсанда сағат 16:40-та Қарқаралы – Қарағайлы автожолында болғанын растады.
"Алдын ала мәлімет бойынша, Camry жүргізушісі көлікті басқара алмай, Lada Largus-пен соқтығысқан. Нәтижесінде 28 жастағы Lada жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды. 36 жастағы жолаушысы мен 41 жастағы Camry жүргізушісі медициналық мекемеге жеткізілді. Оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалды, Camry жүргізушісі қамауға алынды. Апаттың барлық мән-жайы анықталып жатыр", – делінген ресми түсініктемеде.
Сонымен қатар, Қостанай облысында 1 желтоқсанда полицейлердің қууы қайғылы аяқталып, жүргізуші жол апатында көз жұмғаны хабарланған еді.