Мемлекет басшысы әлеуметтік саладағы қаржылық тәртіпті ретке келтіруді тапсырды

Фото: АФМ РК
Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік саладағы қаржылық ахуалды ретке келтіру қажеттігін мәлімдеді. Бұл туралы ол Агенттік қызметіне қатысты жиында айтты.

Мемлекет басшысы ең алдымен әлеуметтік маңызы жоғары бағыттарға басымдық берілуі тиіс екенін атап өтті.

"Алдымен әлеуметтік салада қалыптасқан қаржылық жағдайды ретке келтіру керек. Әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау сияқты ұлт болашағына әсер ететін, үнемі халқымыздың назарында болатын маңызды салаларға баса мән берілуге тиіс", – деді Президент.

Оның айтуынша, әлеуметтік салада заң бұзушылықтар аз емес, сондықтан қаржы операцияларына жүргізілетін мониторинг нақты нәтиже беруі керек.

"Басты мақсат – бәрін жаппай тексеру емес, ел экономикасына қауіп төндіретін сын-қатерлерді дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау. "Шаш ал десе, бас алып", шектен шығуға болмайды", – деді Тоқаев.

Президент Агенттік қызметкерлерінің міндетін де нақтылап өтті.

"Агенттік қызметкерлерінің міндеті – қаржы ұйымдарын жаппай тексеру емес, керісінше экономикаға төнген қауіптің бетін қайтарып, тойтарыс беру үшін уақтылы шара қабылдау", – деді ол.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы цифрлық тәсілдердің маңызын ерекше атады.

"Бұл ретте цифрлық жұмыс тәсілдері ауадай қажет. Бірақ жасанды интеллектіге ғана емес, өз ақыл-ойларыңызға да сенген артық етпейді", – деді Президент.

Тоқаев жасанды интеллектіні шамадан тыс пайдаланудың қаупіне де тоқталды.

"Адамдар ЖИ-ге арқа сүйей бастағанын, тіпті баяндамаларын да өздері жазбай, оны Grok пен ChatGPT-ге тапсыратынын байқаймын. Яғни адамдар дұрыс оқуды, тиісті білім алуды емес, интеллектіні түрлі нұсқада қалай пайдалануды үйренуде. Мұның салдары ауыр болады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сонымен қатар, президент қаржыны криптовалютаға айналдырып, шетелге шығару жағдайларына тосқауыл қою керектігін айтты.

Қазақстан
Астана
Тоқаев Касым-Жомарт

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Қазақстанда танымал шай түрлерінен қауіпті қоспалар анықталды

Павлодарда кәмелетке толмаған қызды зорлаған ер адам 15 жылға сотталды

Енді біржолғы зейнетақы төлемдеріне жер алуға болады – Отбасы банк

Қазақстанда педагогтерді аттестаттау ережелері жаңартылды

Қазақстан халқының нақты саны белгілі болды