"Заң және тәртіп" тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде ұйымдастырылған шаралар жастарды тартуға, ашық диалог құруға және өмірлік құндылықтарды қалыптастыруға негізделген.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өткен "Астана – есірткісіз қала!" акциясы осы форматтың айқын үлгісі болды. Іс-шара дәстүрлі дәрістерден гөрі студенттермен ашық, шынайы әрі еркін әңгіме жүргізуге бағытталды. Жастар тек тыңдаушы ғана емес, диалогқа белсенді қатысушы болды.
Акцияның басты мақсаты – жастар бойында өз таңдауы үшін жауапкершілік, дамуға және өзін-өзі жүзеге асыруға ұмтылыс, болашаққа саналы көзқарас сияқты тұрақты құндылықтарды қалыптастыру. Қатысушыларға жеке өмірлік оқиғалар, нақты мысалдар мен ашық әңгіме арқылы жарқын әрі мазмұнды өмірдің зиянды әдеттерсіз де мүмкін екені көрсетілді.
Іс-шараны Астана қаласының Полиция департаменті мәдениет, киноиндустрия, медиа саласының өкілдері және денсаулық сақтау мамандарының қатысуымен ұйымдастырды. Бағдарламаға арнайы бөлімшелер мен кинологиялық қызметтің көрсетілімдері енгізіліп, есірткі қылмысына қарсы күрестің практикалық қыры көрсетілді.
Спикерлер қатарында журналист, актриса, тележүргізуші Айгүл Мүкей, театр және кино актерлері Даурен Серғазин, Шертім Нұрдәулет, Адильжан Шомбалов, Ержан Жаманкұлов, продюсер және маркетолог Нұрлан Туминбаев, дәрігер-нарколог Назым Омарова, Астана қаласы полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Дамир Байбазаров болды.
Полиция қызметкерлері мен дәрігерлер жастарға нақты салдар мен жеке жауапкершілікті түсіндіріп, таңдаудың нәтижесіне ерекше назар аударды. Осындай форматтағы профилактикалық жұмыс елорда жастары арасында өзінің тиімділігі мен сұранысына ие болып, құқық қорғау органдары мен жастар арасындағы серіктестікті нығайтуға септігін тигізуде.