Бюджет саясатындағы көлемді деректердің маңыздылығы жайында, тұтастай басқару бағытындағы бетбұрыс пен жасанды интеллектінің артықшылығы туралы Қаржы министрі Мәди Такиев айтып берген болатын.
- Мәди Төкешұлы, бүгінде цифрландыру барлық мемлекеттік органда жүріп жатқан технологиялық жаңғыру процесіне айналып отыр. Бұл үдеріс мемлекеттік қаржы жүйесіне қалай әсер етеді?
- Цифрландыру – тұтастай басқару философиясына оң әсерін тигізіп отырған заманауи тетік. Біз бұрын бытыраңқы болып келген жүйеден бас тартып, қазір барлық элемент бір-бірімен біте байланысып, бір ағза түрінде жұмыс істейтін бірыңғай модельге ауысып жатырмыз.
Бұл салықты басқару ісінен бастап бюджеттік жоспарлауға дейінгі мемлекеттік қаржы саласындағы барлық деңгейді қамтиды. Мысалы, біз мемлекеттік кірістер блогындағы ақпараттық жүйелерді 14-тен 5-ке дейін азайтып, біртұтас технологиялық темірқазықтың негізін қаладық. Оның аясында Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі (СӘИЖ), Smart Data Finance және Keden сынды негізгі цифрлы шешімдер әзірленіп, дамып келеді.
Осыған дейін қаржы жүйесін басқару тәсілі көбінесе реактивті сипатта болып келгені рас: алдымен оқиға болып, содан кейін біз оған талдау жасап біткеннен соң ғана шешім қабылдайтын едік. Бүгінде цифрлы шешімдердің арқасында жағдайды алдын-ала бағамдауға болады: кірістерді болжау, тәуекелдерді бағалау, тепе-теңдіктің қай тұста бұзылғанын анықтау.
Яғни, бұл есепті құр жүргізуден басқаруға іс жүзінде көшуді білдіреді. Міне осы тұрғыдан алғанда, цифрландырудың мемлекеттік қаржы саласындағы артықшылығы бірден байқалады.
- Ауқымды трансформацияның нақты нәтижелері жайында қазір айтуға бола ма?
- Әлбетте, бірақ мына нәрсені түсінген абзал. Біз санға емес, сапаға баса мән беріп отырмыз: бір жағынан табыстың өскені байқалып, оған басқару жұмысындағы тиімділіктің әсер еткенін жақсы түсінеміз. Ерекшелігі сол, жүйенің құрылымы да түбегейлі өзгеріп отыр.
Атап айтқанда, СӘИЖ бүгінде 2,2 млн салық төлеушіге қызмет көрсетіп, күн сайын жүйені 136 мыңнан астам адам пайдаланып келеді. Ал негізгі операцияларды өңдеу уақыты бірнеше есе азайды: операциялық күннің жабылуы – 18-ден 3 сағатқа дейін, төлемдерді өңдеу – 15-тен 3 минутқа дейін, құжаттар – 1 сағаттан 1 минутқа дейін қысқарды.
Бұл тек қызмет көрсету жылдамдығының емес, басқару сапасының да артқанын көрсетеді.
Одан басқа Smart Data Finance – үлкен деректер платформасын белсенді түрде дамытып жатырмыз. Ол қазірдің өзінде 78 көзден алынған ақпаратты жинақтап, әрбір салық төлеушіге қатысты толыққанды цифрлы деректі қалыптастыруға қауқарлы.
Алайда ең бастысы – жүйеге деген сенім нығайды. Процестер ашық және логикаға сай болған кезде, бұған бизнес пен қоғамның көзқарасы мүлдем басқа болады.
- Үлкен деректер мен аналатикалық тәсілдер қаншалықты кең қолданылып келеді?
- Бүгінде мәліметтер тұтастай жүйенің негізгі арқауына айналып отыр десем қателеспеймін. Неге десеңіз, біз бұрынғыдай жеке көрсеткіштерге көңіл бөлмейміз. Қазір қалыптасқан аухал толық күйінде көрінеді. Мәселен, Smart Data Finance есебінен жылжымайтын мүлік, көлік, мәмілелер, еңбек келісімшарттары, қаржылық операциялар және басқа да өлшемшарттар туралы ақпаратты қамтитын цифрлы бейін қалыптастырылады. Бұл жекелеген операциялармен қатар нарық қатысушыларының өзара байланысы мен іс-әрекеттерін бағалауға мүмкіндік береді.
Демек, бұл басқару тәсілін түбегейлі өзгертеді. Яғни, бақылау әдістерінің нақтылығы мен олардың орынды болуының кепілдігі артады. Басқаша айтқанда, тәуекелі жоқ жерге араласпай, проблемалы аймақтарға баса назар аударамыз.
Сонымен қатар бюджет кірісін болжау саласында, тәуекелдерді басқару ісі мен операцияларды талдау бағытында жасанды интеллект элементтерін енгізіп келеміз. Бұл басқару тетігінің дәлдігін күшейтіп, проактивті процеске көшуге мүмкіндік беретін келесі қадам.
- Көлеңкелі экономикаға қарсы күресте цифрландыру өз тиімділігін дәлелдеді ме?
- Аталған бағытта көзге көрінетіндей нәтижелер жоқ емес. Осы орайда электронды шот-фактуралар мен үлкен деректерді талдау сынды құралдар шешуші рөл атқаратынын айта кетейік. ЭШФ-ға толық көшу жалған операцияларды автоматты режімде анықтауға сеп болды.
Жүйенің деректеріне сүйенсек, 10 мыңнан астам салық төлеуші шамамен 8,5 трлн теңге сомаға жалған операциялар жасағаны әшкереленді. Осы ретте олардың 3 мыңнан астамы 822 млрд теңге сомаға шот-фактураларды кері қайтарғанын атап өткен жөн.
Жүйенің адамның қатысуынсыз жұмыс істейтінін ескерген маңызды: ол ауытқуларды өзі тіркеп, қандай да бір сын-қатер болған жағдайда операцияларды шектеп тастайды. Бұл бақылаудың объективтілігін қамтамасыз етіп, заңға қайшы әрекеттерді азайтады. Мұның нәтижесінде іскерлік ортаның өзі өзгере түседі: бизнес "көлеңкеде" жұмыс істеу тиімсіз екенін түсініп, адал кеңістікке қарай бағыт алады.
- Бюджеттің шығыс бөлігіне тоқталсақ, аталған салада қандай жұмыс атқарылып жатыр?
- Аталған бағытта да цифрлы шешімдер бірізді түрде енгізіліп келеді. Бұған дейін жоспарлау көп жағдайда орташа көрсеткіштерге сүйеніп әзірленетін. Қазір біз нақты деректерді қолданып келеміз: чектер, шот-фактуралар, сатып алу статистикасы.
Бұл орайда Тауарлардың ұлттық каталогымен интеграцияның маңыздылығын айта кеткен орынды. Бүгінде жүйеде 15 млн астам тауар позициясы бар. Ал 400 млн астам чек туралы мәліметтер БКМ және басқа жүйелермен интеграция арқылы беріліп келеді.
Бұдан басқа 150 млн астам кассалық чекті өңдеп, 650 мың тауар позициясы бойынша ақпаратты жинақтайтын Баға деректер базасының жұмысы жолға қойылғанын айта кетейін.
Превентивті бақылаудың да маңыздылығы орасан. Нақтылай келгенде, біз шығыстарға олар жасалмай тұрып, жоспарлау кезеңінде талдау жүргіземіз. Бұл орынсыз шығындарды бюджетке түскенге дейін анықтауға мүмкіндік береді.
- Мемлекеттік қаржы жүйесін басқарудың тың моделі қалыптастырылып келеді деп толық айта аламыз ба?
- Бұлай деп айтуға толық негіз бар деп ойлаймын және барлық жұмысымыздың негізгі нәтижесі осыған саяды. Біз СӘИЖ, Smart Data Finance, Keden, Тауарлардың ұлттық каталогы, Бірыңғай сатып алу платформасы, Мемлекеттік органның цифрлы бейіні және Baqylauda мемлекеттік қолдау шаралары жүйесі сынды жобаларды қамтитын мемлекеттік қаржының цифрлы экожүйесін қалыптастыруды қолға алдық.
Аталған элементтердің барлығы бір-бірімен байланысты және біртұтас логикада жұмыс істеп келеді. Бұл ашықтықты арттырып, өңдеуді және тиімділікті қамтамасыз етуге жол ашады.
Мысалы, бір ғана онлайн бюджеттік мониторингтің аясында жыл сайын жүздеген млрд теңгеге тәуекелі жоғары операциялар анықталады. Бұл уақтылы әрекет етіп, қаржылық тәртіпті күшейтуге оң әсер береді.
- Бизнес пен халыққа қандай пайда бар?
- Басты өзгеріс – әкімшілік жүктеменің төмендеуі. Біз біртіндеп мемлекет араласпайтын модельге ауысып келеміз: қағазбастылықтың азаюы, тиісті органдармен өзара әрекеттесуді қысқарту, автоматтандыруды нығайту.
10 мыңнан астам пайдаланушысы бар әрі Қаржы министрлігінің барлық негізгі жүйесіне жол ашатын Кәсіпкердің бірыңғай жеке кабинеті сияқты шешімдер әзірленіп, қолданысқа беріліп келеді.
Бизнеске бұл тең жағдай берсе, халық сапалы әрі жайлы қызметтерге ие болады.
- Келесі кезеңде алдарыңызда қандай міндеттер тұр?
- Келесі кезеңде – "ақылды" басқару жүйесіне көшу көзделіп отыр.
Қазірдің өзінде салықты басқару ісі мен бюджет процесінде ЖИ енгізуге жіті мән беріп келеміз. Таяу келешекте жүйе тек реттеп, бақылап қана қоймай, шешім қабылдауға да қолғабыс етпек: болжам жасау, сценарийлерді модельдеу, оңтайлы шешімдерді ұсыну.
Түйіндей келгенде, мемлекеттік қаржы жүйесін жетілдірудегі келесі деңгей осы болмақ. Демек, біз қолға алған жүйелер тек цифрлы құрал ғана болмай шын мәнінде пайдасын тигізетін интеллектуалды өнімге айналуы тиіс.