Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, дайындық барысын Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Асқар Мұстабеков Алматы гарнизонына жұмыс сапары барысында бағалады.
ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгерлік операциялар орталығының "Бітімгер" оқу-жаттығу орталығында министрдің орынбасарына әскери қызметшілерді даярлаудың толық циклі көрсетілді. Бағдарлама тактикалық, арнайы, медициналық және тілдік дайындықты, одан өзге халықаралық стандарттарға сәйкес көпұлтты ортадағы іс-әрекеттерді оқытуды қамтиды.
Оқыту кезінде барынша жауапкершілікпен жұмыс істеуге және шетелдік контингенттермен өзара іс-әрекетке жіті назар аударылады.
Мұстабеков орталықтың оқу-материалдық базасымен танысып, қызмет көрсету шарттары мен оқу процесін қалай ұйымдастырылатынын тексерді. Бұдан басқа оған бітімгерлердің заманауи жабдықтары мен БҰҰ миссиясына жіберілетін жеке құрамды қамтамасыз етудің қолданыстағы нормалары көрсетілді.
Сапар қорытындысы бойынша ол әскери қызметшілерді даярлау және сабақтарды өткізу сапасының деңгейі жоғары деп атап өтті.
Сапар соңы үшінші бітімгерлік контингенттің жеке құрамын салтанатты сапқа тұрғызумен аяқталды. Қорғаныс ведомствосының атынан жеке құрамға бағалы сыйлық табыс етілді.
БҰҰ-ның Голан жоталарындағы бөлінген аймақты бақылау миссиясы 1974 жылдан бері іске асырылуда. Қазақстан оған 2024 жылдан бастап дербес ұлттық контингент ретінде қатысып келеді.
Бұған дейін Қазақстандық бітімгерлер мінсіз қызметі үшін БҰҰ медальдарымен марапатталғанын жазғанбыз.