Министрдің айтуынша, биыл жоғары білімді кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік тапсырыс көлемі алдыңғы оқу жылдарының деңгейінде сақталады.
"Алдағы 2026–2027 оқу жылына 89 457 мемлекеттік грант бөлінді. Оның ішінде: 75 371 грант – бакалавриатқа, 11 007 грант – магистратураға, 3 079 грант – докторантураға арналған. Мемлекеттік тапсырысты бөлу ел экономикасының 2030 жылға дейінгі кадрларға деген қажеттілігі болжамымен үйлестірілді", – деді Нұрбек.
Болжамға сәйкес, Қазақстанға 883 мыңнан астам маман қажет болады.
Оның ішінде:
- 530 мыңға жуық инженерлік-техникалық маман;
- 185 мыңнан астам педагогикалық кадр;
- 168 мыңға жуық өзге салалардың мамандары.
"Сондықтан гранттарды бөлу кезінде инженерлік, IT, аграрлық, педагогикалық және жаратылыстану-ғылыми бағыттарға басымдық берілді. Гранттардың 60%-ы инженерлік-техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтарына бағытталды. Ал 21%-ы педагог кадрларды даярлауға бөлінді", – деп қосты министр.
Бұған дейін Саясат Нұрбек Ұлттық бірыңғай тестілеудің өтуі туралы айтқан болатын.