Форум Қазақстанның HR-қоғамдастығы мен жұмыс берушілерін біріктіріп, жас мамандар мен жетекші компаниялар арасында тікелей байланыс орнатуға мүмкіндік берді.
Іс-шара Қазақстанның HR-менеджерлері қауымдастығы мен "Paryz" ұлттық конфедерациясының қолдауымен ұйымдастырылды. Форумға еліміздің ірі компанияларының басшылары, HR саласының сарапшылары, ұйымдастырушылық психология мамандары және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Форум аясында Paryz Bridge республикалық зерттеуінің қорытындылары таныстырылып, еңбек нарығындағы өзекті мәселелерге арналған "Шешімдер күші" панельдік пікірталасы өтті. Сонымен қатар University Medical Center (UMC) корпоративтік қоры, Beeline Қазақстан, KAZ Minerals Aktogay, Halyk Bank және Air Astana өкілдерінің қатысуымен салалық секциялар ұйымдастырылды.
Бағдарлама аясында HR Recognition марапаттау рәсімі, HR стендап және гала-кеш те өткізілді.
Форумның негізгі ерекшелігі – жоғары оқу орны түлектерінің жұмыс берушілермен тікелей сұхбаттасып, тағылымдамадан өту және жұмысқа орналасу бойынша нақты ұсыныстар алу мүмкіндігі болды.
Сурет: Esil University
Іс-шараға қатысқан Esil University үшін форум білім беру ұйымы, жұмыс берушілер және жас мамандар арасындағы тиімді диалог алаңына айналды. Университеттің көрме алаңында компания өкілдері түлектердің кәсіби дағдыларымен танысып, тәжірибеден өту мен жұмысқа қабылдау бойынша қысқа форматтағы кездесулер өткізді.
Университет өкілдерінің айтуынша, форумға қатысу тәжірибеге негізделген білім беру моделін дамытуға және студенттерді оқу барысында кәсіби ортаға бейімдеуге бағытталған стратегиялық ұстанымды көрсетеді.
Сурет: Esil University
"Бүгінде жұмыс берушілерге дипломы бар маман ғана емес, нақты міндеттерді орындай алатын жас кадрлар қажет. Human Capital Forum 2026 бізге Esil University түлектерінің әлеуетін таныстырып, білім беру мен еңбек нарығы арасындағы байланысты нығайтуға мүмкіндік береді", – деді Esil University ректоры Аяпберген Таубаев.
Форумда жұмыс берушілерге экономика, қаржы, IT, менеджмент, digital-маркетинг, құқықтану, туризм, әлеуметтік жұмыс, мемлекеттік және жергілікті басқару, статистика, digital-бизнес және әлемдік экономика бағыттары бойынша білім алған түлектердің кәсіби мүмкіндіктері таныстырылды.