Қалада көшелерді суару және ауаны ылғалдандыру (аэрация) жұмыстары ұйымдастырылады.
Әкімдіктің мәліметінше, "Қазгидромет" РМК болжамына сәйкес, 16–20 шілде аралығында Алматыда аптап ыстық болады.
"Ауа температурасы кей жерлерде +42 градусқа дейін жетіп, биыл алғаш рет +40 градустан асады және климаттық нормадан едәуір жоғары болады. Осыған байланысты көше-жол желісін күтіп ұстау және қалалық аумақтарды қосымша салқындату шараларын күшейту туралы шешім қабылданды", – деп хабарлады қалалық Коммуналдық инфрақұрылымды дамыту және тұрғын үй инспекциясы басқармасы.
Осы кезеңде магистральдық көшелер мен жаяу жүргіншілер көп жүретін аумақтарда суды ауаға бүркіп, жолдарды суаратын (аэрация жүргізетін) 16 арнайы техника колоннасы жұмыс істейді. Жұмыстар тәуліктің ең ыстық уақытында жүргізіліп, қаланың 128-ден астам көшесін қамтиды.
Сонымен қатар жолдарды, тротуарларды, аялдама павильондарын және басқа да қалалық инфрақұрылым нысандарын жуу үшін 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылған.
"Аэрация мен көшелерді суару жол жамылғысының маңындағы ауа температурасын төмендетуге, шаңды азайтуға, асфальттың қызып кетуінің алдын алуға және аптап ыстық кезінде жол жабындысына түсетін температуралық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді", – деп атап өтті басқармада.
Бұған дейін редакция Алматыдағы көшелерді суару және ауаны ылғалдандыру жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанын көрсеткен болатын.
Синоптиктердің болжамынша, 18 шілдеде Алматыда ауа температурасы +40…+42 градусқа дейін көтеріледі.